Халықаралық бағыттар үшін авиаотынды субсидиялау қағидалары өзгерді

11:02, 1 қазан 2026
MKZ: 1569892

© Сурет: Zakon.kz/Павел Михеев

Үкіметтің 2026 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысымен басым халықаралық әуе бағыттары үшін авиациялық отынды субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжатқа сәйкес, шарт жасалғаннан кейін әуе компаниясы ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін уәкілетті органға басшысы мен бас бухгалтері куәландырған мынадай құжаттарды, соның ішінде цифрлық нысанда ұсынады:

  • әуе компаниясының субсидияланатын басым халықаралық әуе бағыттары бойынша есебі;
  • субсидияланатын басым халықаралық әуе бағыттары бойынша авиаотын шығыстары туралы есеп.

Жылдың соңғы күнтізбелік айы үшін бюджеттік субсидиялар болжамды деректер негізінде жасалып, 20 желтоқсаннан кешіктірмей жолданған, субсидияланатын әуе бағыттары бойынша көрсетілген қызметтердің алдын ала актісі негізінде төленетіні нақтыланды. Бұл акт цифрлық нысанда да ұсынылуы мүмкін. Кейін нақты деректер бойынша дайындалған есеп келесі айдың 20-сынан кешіктірілмей жолдануға тиіс.

Қаржы жылының қорытындысы бойынша әуе компаниясы мен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган орындалған жұмыстар бойынша салыстырып тексеру актілерін жасай отырып, өзара есеп айырысуды салыстырып тексереді.

Әуе бағытын пайдалану барысында шарт талаптарын орындамаған әуе компанияларына субсидия төленбейді. Сондай-ақ жолаушыларды, багажды, жүктерді және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қызметтерін көрсету үшін субсидияланатын әуе бағыттарына конкурс өткізу және оларға куәліктер беру қағидаларына сәйкес әуе бағытына берілген куәлік кері қайтарып алынған жағдайда да субсидия төленбейді.

Сонымен қатар қағидалар тізілімді жүргізуді техникалық сүйемелдеу туралы тармақпен толықтырылды. Оған сәйкес, бұл жұмысты бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын, жалғыз акционері мемлекет болып табылатын заңды тұлға (тіркеуші) жүзеге асырады.

Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының пайдаланылуын және оларды алушыларды мониторингтеуді техникалық сүйемелдеуді тіркеуші жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың екі деңгейлі жүйесі шеңберінде жүзеге асырады.

Бұл жүйе мыналарды қамтиды:

  • Бірінші деңгей – екінші деңгейдегі жүйелермен интеграцияланған тіркеуші жүйесі. Онда жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың өтінімдерінің эталондық электрондық тізілімі қамтылады. Осы жүйеде түпкілікті кейінгі форматтық-логикалық бақылау арқылы қолдау шараларын алушының базалық талаптарға сәйкестігі анықталады. Бұл талаптарды бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының пайдаланылуын және оларды алушыларды мониторингтеу қағидалары шеңберінде айқындайды;
  • Екінші деңгей – салалық мемлекеттік немесе мемлекеттік емес цифрлық жүйелер. Олар арқылы жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылардан өтінімдер қабылданып, форматтық-логикалық бақылауды қолдану арқылы өңделеді және өңделген өтінімдер бірінші деңгейге беріледі.

Екінші деңгейдегі цифрлық жүйелер жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға, сондай-ақ тіркеушінің дербес деректерді жинауына, өңдеуіне, сақтауына, жүктеп алуына және пайдалануына келісімін алуды қамтамасыз етеді.

Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың екі деңгейлі жүйесі арқылы жүргізілген мониторинг қорытындылары кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға ұсынылады.

Бұйрық 2026 жылғы 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!