Қазақстандық дәрігерлер 98 жастағы науқастың жүрек қақпақшасын операциясыз ауыстырды

19:34, 28 қараша 2026
MKZ: 1580271

© Фото: pexels

Қазақстандық дәрігерлер 98 жастағы науқастың жүрек қақпақшасын кеуде қуысын ашпай ауыстырды. Бірегей операция небәрі 45 минутқа созылып, еш асқынусыз өтті. Бұл туралы 2026 жылғы 28 қарашада ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомствоның мәліметінше, егде жастағы ер адамнан қолқа қақпақшасының айқын тарылуы анықталған. Бұл дерт кезінде қақпақша тарылып, қанның қалыпты айналымына кедергі келтіреді. Соның салдарынан жүрекке күш түсіп, ауыр жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін.

Науқастың жасын ескерген дәрігерлер TAVI деп аталатын барынша жеңіл әдісті таңдаған. Жаңа қақпақша сан тұсындағы кішкентай тілік арқылы орнатылды. Операция кезінде төс сүйегін ашудың және жасанды қан айналымы аппаратын қосудың қажеті болмаған.

"Қазір біз өте егде жастағы науқастарға да көмектесіп, өмірін ұзартуға және оның сапасын жақсартуға мүмкіндік алдық. Бес жыл бұрын осындай операцияны 94 жастағы науқасқа, төрт жыл бұрын 96 жастағы адамға жасадық. Енді 98 жастағы науқасқа сәтті өткіздік", – деді Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев.

Дәрігерлер операцияның нәтижесін бірден байқаған. Жаңа қақпақша қалыпты жұмыс істеп, қан айналымы айтарлықтай жақсарған. Қазір науқас дәрігерлердің бақылауында.

Күрделі отаны Алексей Колесников, Алмат Қалжанов және Нұржан Теменов жасаған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!