Қазақстанда 2020 жылы рекордтық 420 мың сәби өмірге келді

12:34, 20 қаңтар 2021
349

Демографияда 33 жыл бойы мызғымай тұрған рекорд жаңарды, деп жазады aikyn.kz.

1987 жылы Қазақстанда 417 мың бала дүние есігін ашса, 2020 жылы 420 мың сәби өмірге келіпті. "Елге ел, төлге төл қосылды" деген – осы. Былтыр 1 желтоқ­санда халық саны 18,85 млн адамға жетті. Енді қазан айында өтетін жалпыұлттық санақта 19 млн-дық межені еңсере аламыз ба? Індет кесірінен кейінге шегерілген ауқымды шаруаға дайындық қалай?

Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметке сенсек, ел халқының саны 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 18 852 млн-нан асты. Оның ішінде қалалықтар – 11 129,2 млн (59 пайыз), ауылдықтар – 7 723,6 млн (41 пайыз) адам. Бір жылда жан саны 241,7 мың адамға немесе 1,3 пайызға өскен. Біле білсек, бұл – тә­уелсіздік кезеңіндегі ең айту­лы жаңалықтың бірі.

Демограф Ерболат Мұсабектің айтуынша, соңғы жылдары Қазақ­станда туғандар саны 396 мен 402 мыңның, өлгендер саны 110 мен 133 мыңның аралығында екен. 1987 жылы 417 мың сәби туып, та­рихта ең үлкен көрсеткішке қол жеткізгенбіз. Бірақ Кеңес Одағы тараған соң көп адам атажұртына көшті, тұрмыс нашарлады, үйленетіндер күрт азайды. Сөйтіп, 1999 жылы 217 мың бала дүниеге келіп, ең төмен нәтижені місе тұттық.

90-жылдардың басында 167 мың жұп некелессе, 2009 жылы небәрі 120 мың отбасы шаңырақ көтерген. 2014-2015 жылдары неке саны 160 мыңға дейін барды да, қазір қайтадан төмендеуге бет алды. Себебі туу саны азайып, шетелге көшкендер көбейген. 2002 жылы халық саны 14 млн 851 мыңға түсіп қалды. Кейінірек табиғи өсім сыртқа ағылған адам­дардың орнын жайлап жаба бас­тады. Қайтыс болғандар 1995-1996 жыл­дары бір жылда 160 мыңнан асты. Өйткені әлі меди­цина дамымаған, халықтың әл-ауқаты да онша емес еді. Өмір сүру ұзақтығы 63 жасқа дейін құл­дырады. Бүгінде 73-74-ке таяды. "Статис­тикада 68 деп жазылғаны­мен, біз ол межеден 2013-2014 жылдары өтіп кеткенбіз", – дейді Ерболат Мұсабек.

Мамандар 2025 жылы Қазақ­станда ең төменгі туу көрсеткіші тіркеледі деп болжайды. Дегенмен 1999 жылғыдай 217 мың емес, 350 мың шамасында болады. Теріс тенденция 2025, 2026, 2027 жылдары сақталып, әрі қарай ар­тып, 400 мыңның үстіне шығады екен. Шеттен оралған қандастар да демографиялық ахуалға сеп­тігін тигізеді.

2020 жылы сәуір айында Countrymeters.info сайты қазақстан­дықтардың саны 20 миллионнан асты деп хабарлады. Сайт ұжымы БҰҰ-ның ресми деректерін пай­да­ланғанын алға тартты. Алайда демограф Мақсат Иман­досов Статистика бюросының мәліметі ғана шындыққа жанасады деп есептейді.

Қалай десек те, нақты нә­тижені биыл білеміз. Әуел баста 2019 жылға жоспарланған жал­пыұлттық халық санағы екі рет кейінге шегерілгені белгілі. Үкі­мет тәуелсіз Қазақстан тари­хын­дағы үшінші санақты алдағы қазанда өткізуді көздейді.

Қазақ жерінде бұған дейін 10 санақ (1897, 1926, 1937, 1939, 1959, 1970, 1979, 1989, 1999, 2009 жылдары) болған. Оның бәрінде кем­шілік бар. Әсіресе, 1926, 1937, 1939, 1959 жылғы санақтың дерегі күмәнді. Азамат соғысы, екі бірдей ашаршылық, жаппай қу­ғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс кесірінен КСРО халқының кеміп кеткенін байқаған Сталин сол санақтардың нәтижесін кейде бұрмалап, кейде жариялауға тыйым салған деседі.

Биылғы халық санағына мем­лекет қазына­сынан 9 млрд теңге бөлініпті. Оның ішінде 579 млн теңге – "е-Статистика" жүйесін дамытуға, 1 млрд 495 млн теңге – планшет пен компьютер сатып алу­ға, 475 млн теңге – көлік сатып алуға, 79 млн теңге – штаттан тыс қызметкерлердің жалақысын төлеуге, 392 млн теңге мойын­орағыш, портфель секілді кеңсе тауарларын алуға жұмсалады. Халық санағын 30 мың адам жүр­гізеді.

Бұл санақ электронды формат­та өтеді. Үкімет Статистика коми­теті мен мектептерге арнайы план­шеттер береді. Есесіне, қағаз сатып алмайды. Цифрлы мәлімет­тер бірден өңделіп, тексеріледі.

Биылғы халық санағына мем­лекет қазына­сынан 9 млрд теңге бөлініпті. Оның ішінде 579 млн теңге – "е-Статистика" жүйесін дамытуға, 1 млрд 495 млн теңге – планшет пен компьютер сатып алу­ға, 475 млн теңге – көлік сатып алуға, 79 млн теңге – штаттан тыс қызметкерлердің жалақысын төлеуге, 392 млн теңге мойын­орағыш, портфель секілді кеңсе тауарларын алуға жұмсалады. Халық санағын 30 мың адам жүр­гізеді.
Қазақстанның жан саны 18,85 млн бол­ғанын сөз басында айттық. Шыны керек, жалпы­ұлттық санақ нәтижесі осы ау­қым­нан ауа жайылмайтыны анық. Қазан айында 19 млн төңірегіне тоқтайтын шығармыз деп топшы­лаймыз. Ендеше саяси науқанға 9 млрд теңге шығындаудың қажеті қанша? Қажеті көп. Себебі бұл – жай ғана адам басын санайтын қарабайыр есептеу емес, мемле­кет­тің бағыт-бағдарын айқын­дауға болысатын үлкен жұмыс. Санақта міндетті түрде география, демография, экономика, білім, этномәдениет, көші-қон, жарым­жандық, кәсіп, жұмыс, табыс көзі сияқты параметрлер ескеріледі. Әр адамға 40-50 сұрақ қойылып, жауаптарынан нақты статистика түзіледі. Талай зерттеушінің азы­ғына айналатын тың ақпарат қоры жасақталады.

Санақ дегенде үнсіз қалуға болмайтын кілтипан бар. Осыдан 12 жыл бұрынғы дау-дамай әлі есімізде. 2009 жылғы санақ қорытындысына қоғамның көңілі толмады. Сол кездегі Статистика комитеті елдегі этникалық қазақ­тардың үлесін біресе 67 пайыз, біресе 63 пайыз деп мәлімдеп, жұртты әбден шатастырған. Ұлт патриоттары ендігі санақта қазақ­тың үлесі 70 пайыздан асады деп үміттенеді. Депутат Айдос Сарым: "Қазақстан туралы "көпұлтты мемлекет" деген дақпыртты осы са­нақ жоққа шығаруы керек. Қазақ­станда, тағы да қайталап айтамыз, бір ғана ұлт бар: ол – қа­зақ ұлты. Қалғаны – осы ұлт құ­рамын­дағы этностар болмаса, ел ішіндегі диаспоралар. Бұл санақ Қазақстанда "130 ұлттың" жоқ екеніне баршаның көзін ашуы тиіс" деп жазған.

Алайда Ерболат Мұсабек биыл­ғы санақта қазақ­тар 69 па­йыз­ға жетуі мүмкін деп жо­рамал­­дайды. Негізі, әрбір 4 жыл сайын мем­лекет құраушы ұлттың үлесіне 2 пайыздан қо­сылып отырады екен. Демографтың пікірін­ше, 80 пайыздың ауылы алыстау. Өйткені славянтектес қауым азайғанымен, өзбек, ұйғыр, әзербайжан, түрік, қарақалпақ сынды туысқан ұлыстардың қарасы қалың.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!