Қазақстанда жекеменшік күзет ұйымдарына бақылау күшейтіледі

13:28, 29 қаңтар 2026

© Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

2026 жылғы 29 қаңтарда Сенат депутаттары күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Сенатор Жанна Асанованың айтуынша, бұл заң күзет қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау тәртібін жетілдіру, қару иелеріне және күзет қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту, сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін жетілдіру мақсатында әзірленген.

"2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ішкі істер органдарында 4 463 жекеменшік күзет ұйымы тіркелген. Күзетшілердің жалпы саны 97 мың адамнан асады. Өздеріңізге белгілі, жекеменшік күзет ұйымдары полиция қызметкерлерімен қатар күзетілетін нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосады. Осыған байланысты заңмен ұсынылып отырған түзетулер мұндай ұйымдардың жауапкершілігін күшейтеді, өйткені олардың қызметі жеке және заңды тұлғалардың өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ мүлкін қылмыстық және өзге де заңсыз әрекеттерден қорғаумен тікелей байланысты", – деді Жанна Асанова.

Заң аясында мынадай шаралар енгізіледі:

  • қаруы бар заңды тұлғалар үшін қызметі уақытша тоқтатылған жағдайда қару мен оқ-дәрілерді ішкі істер органдарына сақтауға тапсыру міндеті;
  • жекеменшік күзет ұйымдарының қызметін тоқтату, аяқтау немесе қайта бастау, сондай-ақ тіркелген жерінен тыс аумақта күзет қызметін көрсету жағдайлары туралы полицияның аумақтық бөлімшелерін хабардар ету міндеті.

Сенатордың айтуынша, бұл маңызды түзетулер уәкілетті органдарға жекеменшік күзет ұйымдарына қатысты түрлі оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, өйткені көптеген жағдайда күзет ұйымының басқа өңірде жүргені тек белгілі бір оқиға орын алғаннан кейін ғана анықталады.

"Заңдағы жаңа норма – күзет қызметі субъектілерінің уәкілетті органға өз қызметі туралы есеп беру міндетін енгізу. Бұл мемлекеттік бақылауды тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді, себебі қазіргі таңда есептілік ұсыну тәртібі заңмен нақты реттелмеген. Сонымен қатар, қару айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында азаматтық және қызметтік қару иелеріне қосымша міндеттер жүктеледі", – деп толықтырды Жанна Асанова.

Бұған дейін коррекциялық кабинеттер мен аутизм орталықтарына қолдау күшейетіндігін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!