Қазақстанда зейнетақы жинағын инвестициялау тәсілі өзгереді
© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Қазақстанда зейнетақы активтерін басқару жүйесін кезең-кезеңімен дамытуды көздейтін Капитал нарығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы әзірленді, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026 жылғы 2 қыркүйекте реформа аясындағы міндеттердің бірі институционалдық инвесторлар аясын кеңейту екенін мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта ұзақмерзімді капиталдың негізгі көзі – басым бөлігі Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы активтері. Өзге институционалдық инвесторлардың қатысуы әзірге шектеулі. Олардың рөлін кеңейту әртүрлі инвестициялық стратегияларды қолдануға, нарықтың өтімділігін арттыруға және қазақстандық компаниялардың ел ішінде қаржы тарту мүмкіндігін ұлғайтуға жол ашады", – деп атап өтті агенттік.
Ұсынылып отырған өзгерістер қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негізгі қағидаттарын өзгертпейді.
Міндетті зейнетақы жарналары бұрынғыдай "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-ға түсіп, салымшылардың жеке шоттарында есепке алынады. Қор зейнетақы жинақтарының есебін жүргізіп, оларды төлеуді ұйымдастыруды жалғастырады.
Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқару, инвестициялық саясатты қалыптастыру және инвестициялау тиімділігін бағалау функцияларын сақтап қалады.
Қазіргі уақытта Ұлттық банк зейнетақы активтерінің 99,7%-ын басқарады. Инвестициялық портфельдің 61%-ы мемлекеттік бағалы қағаздарға, 22,5%-ы корпоративтік облигацияларға, ал 12%-ы акцияларға тиесілі.
Жекеменшік басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруында 88,6 млрд теңге көлеміндегі зейнетақы активі бар. Бұл олардың жалпы көлемінің шамамен 0,3%-ын құрайды.
2023 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағының 50%-ына дейін, ал биылдан бастап 100%-ын жекеменшік басқарушыға беру мүмкіндігі жасалғанымен, бұл тетік әзірге кең таралмаған.
Келесі кезеңде басқарушылар аясын кеңейту және әртүрлі инвестициялық стратегияларды қолдану арқылы зейнетақы жинақтарының ұзақмерзімді табыстылығын арттыру мүмкіндігі қарастырылады.
"Осы мақсатта лицензиясы бар жергілікті инвестициялық портфельді басқарушылардың зейнетақы активтерінің жекелеген инвестициялық мандаттарын басқаруға қатысуын кезең-кезеңімен кеңейту ұсынылады. Басқарушылар конкурстық негізде іріктеліп, активтердің жекелеген санаттарын басқару мандатына ие болады деп жоспарланып отыр", – деп хабарлады агенттік.
Алғашқы кезеңде активтердің ең сенімді әрі өтімді санаты ретінде мемлекеттік бағалы қағаздардың субпортфелін қалыптастыру жоспарланып отыр. Кейін корпоративтік облигациялар мен акциялар бойынша да субпортфельдер құрылуы мүмкін.
Бәсекелестік негізде басқару жүйесін дамыту зейнетақы жинақтарын қорғау тетіктерін күшейтумен қатар жүзеге асырылады. Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқару талаптарын және әрбір басқарушының жұмысын бағалау тәртібін белгілейді.
"Зейнетақы активтері басқарушының меншікті қаражатынан және өзге клиенттердің активтерінен бөлек сақталады. Әрбір операция тәуелсіз кастодиандық бақылаудан өтеді. Басқарушы банкрот болған жағдайда да бұл қаражат қорғалған күйінде қалып, оның міндеттемелерін өтеуге пайдаланылмайды", – деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Зейнетақы активтерін басқаратын компанияларға капиталдың жеткіліктілігі, тәуекелдерді басқару жүйесі, ішкі бақылау және ақпаратты жариялау бойынша күшейтілген талаптар қойылады.
Инвестициялық саясат аясында зейнетақы активтерін басқарушы тұлғамен байланысты қаржы құралдарына салуға шектеу енгізіледі. Инвестициялық мандатты бұзу немесе басқарушының жосықсыз әрекеті салдарынан келтірілген залал өтелуге тиіс.
Тағы бір бағыт – салымшының жас ерекшелігіне қарай инвестициялық стратегияларды енгізу.
Жас салымшылардың жинақтары ықтимал табыстылығы жоғары қаржы құралдарына көбірек инвестициялануы мүмкін. Ал зейнет жасына жақындаған сайын мұндай құралдардың үлесі азайып, портфель барынша консервативті сипат алады. Бұл зейнетақы төлемдері басталар алдында жинақтарды нарықтағы күрт ауытқулардан қорғауға мүмкіндік береді.
Көзделген өзгерістердің барлығы нәтижелер мен ықтимал тәуекелдерді тұрақты бағалау арқылы біртіндеп және кезең-кезеңімен енгізіледі.
Бұған дейін, 2026 жылғы 1 қыркүйекте, Қаржы министрлігі "2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын таныстырды. Құжатқа сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшерін 38 622 теңге, ал ең төменгі зейнетақыны 74 919 теңге көлемінде белгілеу ұсынылды. 2026 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 35 596 және 69 049 теңгені құрайды.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
14:41, 2 қыркүйек 2026
Жануарларды уақытша ұстау пункттеріне қатысты қағидалар өзгерді
-
14:34, 2 қыркүйек 2026
«Итальяндық мафияға ұқсайды»: Баян Алагөзованың күйеу баласының образы желіде қызу талқыланды
-
14:23, 2 қыркүйек 2026
Өрт қауіпсіздігі аудитін жүргізетін сараптама ұйымдарын аккредиттеу тәртібі өзгерді
-
14:14, 2 қыркүйек 2026
«Міне, деңгей»: Павлодар облысының әкімі Threads желісінде бойжеткенге жұмыс ұсынды
-
14:08, 2 қыркүйек 2026
«Үйдің сол жақ бөлігі әрі қарай қирап жатыр»: Ұлдана Мырзуан ісіндегі куәгердің жауабы





