Қазақстанда ұл балаларға адам папилломасы вирусына қарсы екпе салынады

16:49, 17 қыркүйек 2026
MKZ: 1567430

© Фото: Zakon.kz

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбеков 2026 жылғы 17 қыркүйекте Құрылтайда үш жылдық бюджет жобасын таныстыру барысында қазақстандықтар арасында қатерлі ісіктің алдын алу шараларын күшейту жоспары туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Абзал Бейсенбековтің айтуынша, 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жобасында денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн теңге қарастырылған.

"Қаражат тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және медициналық сақтандыруға бағытталады. Біздің міндетіміз – саланы қаржыландырып қана қоймай, аурулардың алдын алу шараларын қабылдау және денсаулық сақтау саласындағы нақты көрсеткіштерді жақсарту, – деді ол.

Атап айтқанда, 2027 жылдан бастап төрт өңірде пилоттық режимде профилактикалық тексерудің жаңа түрі – өкпе қатерлі ісігінің алдын алуға арналған скрининг енгізіледі. Бұл ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді.

"Алдын алудың тағы бір шарасы – 11 жастағы ұл балаларды адам папилломасы вирусына қарсы вакциналау. Қыз балаларға вакцина салу 2025 жылы басталды, – деді вице-министр.

2026 жылғы 18 мамырда Қазақстанның бас мемлекеттік санитариялық дәрігері "Қазақстан Республикасында 14-17 жастағы қыздарға (қоса алғанда) адам папилломасы вирусына қарсы қосымша вакцинация жүргізу туралы" қаулыға қол қойғаны хабарланған еді.

2025 жылғы 18 қарашада онколог дәрігерлер Қазақстандағы әйелдер арасында жатыр мойны обырына шалдығу көрсеткішін төмендетудің шарттарын атаған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!