Қазақстанда топырақты қорғау күшейтіледі: Сенат жаңа заңды мақұлдады
© Фото: pexels
Сенат депутаттары 2026 жылғы 29 маусымда екі оқылымда "Топырақты қорғау туралы" заңды және оған ілеспе түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сенат депутаты Әли Бектаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда топырақтың тозуына әкелетін факторлар күшейіп келеді. Олардың қатарында жел және су эрозиясы, топырақтың тұздануы, шөлейттену, органикалық заттардың азаюы мен жайылымдардың тозуы бар.
Оның айтуынша, бұл үдерістер ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігіне ғана емес, экологиялық тұрақтылыққа, жер ресурстарының сапасына және халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге де кері әсерін тигізеді.
Сенатор осыған дейін табиғи топырақ құнарлылығын сақтауға және жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған бірқатар заңдар қабылданғанын атап өтті.
Атап айтқанда, "Органикалық өнім өндірісі және оның айналымы туралы" заң органикалық егіншілікті дамыту, химиялық жүктемені азайту және табиғи ресурстарды тұрақты басқару жүйесін қалыптастыру арқылы топырақтың табиғи құнарлылығын сақтауға бағытталған.
Сондай-ақ "Жайылымдар туралы" заң жайылымдарды ұтымды пайдалану, олардың тозуын азайту, мал жаю жүктемесін ғылыми негізде реттеу және бүлінген жерлерді қалпына келтіру қағидаттарына негізделген.
Бұдан бөлек, "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" заңға құнды топырақ жамылғысын сақтау мен табиғи ландшафттардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған нормалар енгізілген.
Жаңа заңның негізгі жаңалықтарының бірі – топырақты қорғау жөніндегі кешенді шаралар жүйесінің заңнамалық деңгейде бекітілуі.
Құжатта:
- агрохимиялық және мелиорациялық зерттеулер жүргізу;
- топырақты бонитеттік бағалау;
- тұрақты мониторинг ұйымдастыру;
- топырақты қорғау технологияларын енгізу;
- тыңайтқыштарды ғылыми негізде пайдалану көзделген.
Сонымен қатар заң ғылыми зерттеулерді дамытуға, цифрлық технологияларды, Жерді қашықтан зондтау құралдарын және заманауи мониторинг жүйелерін кеңінен қолдануға құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл жер ресурстарын басқарудың тиімділігін арттырып, топырақтың жай-күйін уақытылы бағалауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге паспорт енгізу мәселесі қаралып жатқаны хабарланған болатын.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
14:47, 29 маусым 2026
Ресейдегі жағдай Қазақстандағы шаруаларды жанармайсыз қалдыра ма: Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берді
-
14:25, 29 маусым 2026
Алматыда 400 орындық жаңа студенттер жатақханасы салынады
-
14:16, 29 маусым 2026
Жезқазғанда 29-30 маусым күндері қозғалысқа уақытша шектеу енгізіледі
-
14:06, 29 маусым 2026
Ақтөбе облысында полиция ерекше қорғалатын аумақта заңсыз балық аулаудың жолын кесті
-
13:58, 29 маусым 2026
Павлодарда полиция өз қызметтік көлігін қуып жүрді: оқиғаның мән-жайы белгілі болды





