Қазақстанда скинхед қозғалысын қолдаған жасөспірім сотталды

10:19, 5 наурыз 2026

© Фото: Zakon.kz

Семей қаласында жасөспірім ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Абай облыстық сотының мәліметінше, 2025 жылдың ақпанында кәмелетке толмаған скинхедтер деп аталатын нәсілшіл қозғалыстың жақтаушысы Telegram мессенджерінде "Skinheads industries-Semey" атты чат құрған.

Топтың әкімшісі болған ол чатта адамдарды ұлттық белгісі бойынша кемсітетін мәтіндік және аудиохабарламалар жариялап отырған. Атап айтқанда, Үндістаннан келген студенттер мен олардың мәдениетін қорлайтын сөздер айтқан.

Сонымен қатар жасөспірім чат қатысушыларын өз көзқарасын қолдауға және басқа адамдарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды да қауымдастыққа тартуға шақырып, Семей қаласы аумағында экстремистік идеяларды таратуға үндеген.

Сотта жасөспірім кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді.

Сот ҚР Қылмыстық кодексінің кәмелетке толмағандарға қатысты жазаны жеңілдетуді көздейтін 55-бабы 2-бөлігі 2-тармағын ескере отырып, оған 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 81-бабының 6-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмағандарға бас бостандығын шектеу жазасы 2 жылға дейінгі мерзімге тағайындалатыны ескерілді.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Сот өкілдері ұлтаралық араздықты қоздыру, адамдарды ұлттық белгісі бойынша қорлау және өшпенділікке шақыру – интернетте жасалған жағдайда да қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды.

Бұған дейін Петропавлда да бір жасөспірім Telegram желісінде облыстық мамандандырылған мектеп-интернатқа шабуыл жасалатыны туралы жалған хабарлама таратып, қауіптің алдын алу үшін ақша аударуды талап еткені хабарланған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!