Қазақстанда нефрологиялық көмекті жетілдіру жоспарланып отыр

09:42, 5 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасында нефрологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына өзгерістер жобасын әзірледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжатта мына бағыттар бойынша түзетулер көзделген:

  • бүйрек қызметін алмастыру еміне (БАЕ) мұқтаж пациенттерге медициналық көмек көрсету өлшемшарттары;
  • созылмалы бүйрек ауруының (СБА) 4–5 сатысындағы пациенттерді БАЕ-ге жіберу тәртібі;
  • гемодиализ жүргізу тәртібі;
  • БАЕ алатын науқастардың жағдайын бақылау;
  • күту тізімін қалыптастыру және оны жаңарту, донорды дайындау;
  • жаңа ұғымдармен толықтыру.

Түсіндірілуінше, бүйрек аурулары бар пациенттердің медициналық көмек маршрутын бақылау бас нефрологтың үйлестіруін қамтиды. Онда СБА-ның 4–5 сатысындағы пациентке диализге қол жеткізу жолын қалыптастыру, диализге арналған қолжетімділіктің түрлері мен оларды қамтамасыз ету талаптары, сондай-ақ ем тактикасын амбулаториялық және стационарлық деңгейден бастап айқындау нақты көрсетілген.

Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістер нефрологиялық көмекті жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, жобаны қабылдау:

  • бүйрек аурулары бар науқастарға көрсетілетін нефрологиялық көмектің сапасын арттыруға;
  • созылмалы бүйрек ауруы бар пациенттердің диализдік емін оңтайландыруға;
  • өңірлік үйлестірушілердің бақылауында нефрологиялық көмекті жүйелі түрде қолдауға мүмкіндік береді.

Құжат "Ашық НҚА" порталында 22 желтоқсанға дейін көпшілік талқылауына ұсынылған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!