Қазақстанда медицина саласында ҚҚС қолдану тәртібі жеңілдетіледі

09:45, 11 ақпан 2026

© Фото: Zakon.kz

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау саласында қосылған құн салығын (ҚҚС) қолдану тәртібін реттеу және нақтылау мақсатында Үкімет қаулысының жобасын әзірледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ұсынылып отырған өзгерістер дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды импорттау және өткізу кезінде салық нормаларын бірізді әрі ашық қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған.

Атап айтқанда, медициналық мақсаттағы жекелеген өнім түрлерін ҚҚС-тан босату және оларға салық мөлшерлемесін қолдану мәселелерін реттейтін Үкімет қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады.

"Өзгерістердің негізгі мақсаты – дәрілік заттар, медициналық бұйымдар және олардың құрамдас бөліктерінің тізбесін Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының (ЕАЭО СЭҚ ТН) өзекті кодтарына сәйкестендіру. Бұл тауарларды сыныптау кезінде туындайтын алшақтықтарды болдырмауға және нарық қатысушыларының жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.

Сонымен қатар, жоба аясында қағидалар мен тізбелерге қатысты ескертпелердің тұжырымдары нақтыланады. Бұл нормаларды әртүрлі түсіндіруге жол бермей, оларды практикада дұрыс қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған.

Айта кету керек, ұсынылып отырған өзгерістер жаңа салықтарды енгізуді немесе қолданыстағы жеңілдіктерді жоюды көздемейді. Олар салықтық және кедендік әкімшілендіру кезінде құқықтық айқындық пен болжамдылықты арттыруға бағытталған.

Министрліктің мәліметінше, жобаны қабылдау фармацевтикалық компаниялар, медициналық бұйымдарды жеткізушілер мен импорттаушылар үшін түсінікті әрі тұрақты жағдай қалыптастырады. Сондай-ақ бұл қолданыстағы заңнама шеңберінде халықты дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен тұрақты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Құжат 15 ақпанға дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында орналастырылған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!