Қазақстанда интернет желілерін зақымдағаны үшін жауапкершілік күшеюі мүмкін

14:36, 24 қараша 2026
MKZ: 1579447

© Фото: Zakon.kz

"Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин 2026 жылғы 24 қарашада Үкімет отырысында құрылыс компаниялары мен басқа да ұйымдардың байланыс желілерін зақымдау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Мусиннің айтуынша, жыл басынан бері өзге ұйымдар "Қазақтелекомның" байланыс желілерін 459 рет зақымдаған. Осы оқиғалардың салдарынан желілердің жұмысындағы үзілістердің жалпы ұзақтығы 80 күнге жеткен. Мұндай мәселеге басқа байланыс операторлары да тап болып отыр.

"Биыл Жетісу облысында жер қазу кезінде жеке компанияның экскаваторы біздің магистральдық кабелімізді зақымдады. Апаттың салдарын 15 мыңнан астам абонент сезінді. Оның әсері облыс аумағымен шектелмеді. Тіпті Семей мен Павлодарда да интернет-трафиктің азайғаны тіркелді. Байланысты қалпына келтіруге төрт сағаттан астам уақыт кетті", – деді Мусин.

Оның айтуынша, қазір байланыс желілерін зақымдағаны үшін салынатын айыппұлдың ең жоғары мөлшері – 120 АЕК, яғни 519 мың теңге.

"Бүгінде байланыс та электр қуаты, су мен жылу секілді халықтың негізгі қажеттіліктерінің біріне айналды. Алайда оның құқықтық мәртебесі әзірге осы қызметтермен тең емес. Байланыстың негізгі инфрақұрылымдық қызмет ретіндегі мәртебесін заңнамада кезең-кезеңімен бекітуді және байланыс желілерін зақымдағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынамыз", – деді Бағдат Мусин.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсынысты қолдады.

"Жауапкершілікті күшейтуді қолдаймын. Жаслан Хасенұлы, тиісті шешімді енгізіңіз", – деді Үкімет басшысы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке.

Мәдиевтің айтуынша, қазір бұл ұсыныс мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр.

"Біз ұсыныстардың бәрін қолдаймыз. Парламентке барған кезде бұл жөнінде қосымша баяндаймыз", – деді министр.

Бұған дейін Жаслан Мәдиев 2027 жылдың соңына дейін Қазақстанда 3G технологиясынан толық бас тарту жоспарланып отырғанын айтқан еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!