Қазақстанда интерн-дәрігерлерді даярлау жүйесі жетілдіріледі

09:39, 5 тамыз 2026
MKZ: 1559719

© Фото: Zakon.kz

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық кадрларды интернатурада даярлау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы жоба әзірледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Түзетулер интерн-дәрігерлерді даярлау жүйесін заман талабына сай жетілдіріп, оны барынша түсінікті әрі тиімді етуге мүмкіндік береді. Ведомствоның мәліметінше, жаңа тәсілдер медициналық білім беру сапасын арттыруға және жас мамандардың пациенттермен жұмыс істеуге тезірек бейімделуіне бағытталған.

Құжатта "интерн-дәрігер" ұғымы ресми түрде бекітіледі. Бұл болашақ маманның мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін нақты айқындауға, сондай-ақ оқу және практикалық даярлық үдерісінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, білім беру ұйымы, жұмыс беруші және интерн-дәрігер арасында үшжақты шарт жасасу тетігі енгізіледі. Мұндай тәсіл әр тараптың жауапкершілігін алдын ала айқындауға, сапалы білім беруге, жас маманды жұмысқа орналастыру кезінде қолдау көрсетуге және мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша міндеттемелердің тиімді орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Министрліктің болжамынша, ұсынылып отырған өзгерістер болашақ дәрігерлердің практикалық даярлық деңгейін арттырып, медициналық жоғары оқу орындары мен денсаулық сақтау ұйымдары арасындағы байланысты нығайтады. Сонымен қатар өңірлерді білікті медицина кадрларымен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Жоба "Ашық НҚА" порталында 19 тамызға дейін қоғамдық талқылауға орналастырылды.

Бұған дейін Қазақстанда медицина мамандарын өңірлердің сұранысына сәйкес даярлау ұсынылғаны хабарланған еді.

Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің бүкіл кәсіби жолы цифрландырылатыны туралы жазған едік.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!