Қазақстанда ХҚКО-ларға сұраныс азаяды: әкімдіктерге цифрлық кеңселерді жабдықтауға дайындалу тапсырылды

12:23, 6 қаңтар 2026

© Фото: gov4c.kz

Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев 2026 жылғы 6 қаңтарда өткен Үкімет отырысында халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) сұраныстың төмендеп келе жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бір жылдың ішінде азаматтар ХҚКО-ларға шамамен 15 миллион рет жүгінеді.

"Бұл көрсеткіштің 80 пайызы ең көп сұранысқа ие 10 мемлекеттік қызметке тиесілі. Өткен жылы біз осы қызметтерді толық цифрландыруды бастадық. Олардың кейбірі баламасыз онлайн форматқа көшірілді. Соның нәтижесінде ХҚКО-ларға келушілер саны күрт азайып отыр", – деді Жаслан Мәдиев.

Осыған байланысты, министрдің айтуынша, қолданыстағы орталықтар Халыққа арналған цифрлық кеңселерге қайта форматталады. Бұл кеңселер Apple Store үлгісінде жұмыс істейтін болады.

"Азаматтар қызметтерді өзіне-өзі қызмет көрсету арқылы алады. Осыған орай барлық әкімдіктерге тиісті жабдықтауды қамтамасыз етуді тапсыруды сұраймыз. Ыңғайлы әрі заманауи Цифрлық халық кеңсесі әкімдіктің азаматтар алдындағы визит картасына айналуы тиіс", – деп толықтырды вице-премьер.

Бұған дейін ҰҚК шекарада анықталған бірқатар бұзушылықтарды ашқанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!