Қазақстанда есірткі тұтынғаны үшін жазаны өзгерту жоспарланып отыр

10:08, 28 тамыз 2026
MKZ: 1563874

© Фото: pexels

ІІМ "Есірткі, психотроптық заттар мен сол тектестердің өткізу мақсатынсыз заңсыз айналымын қылмыс санатынан шығару мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына реттеушілік саясат жөніндегі консультативтік құжат әзірледі.

Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстен есірткі тұтынғаны үшін жаза қарастырылған екі норманы алып тастау ұсынылады.

Құжатта қолданыстағы Қазақстан заңнамасы бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабының 1 және 2-бөліктерінде қоғамдық орындарда есірткі, психотроптық заттар мен сол тектестерді медициналық емес мақсатта тұтынғаны, сондай-ақ оларды өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындағаны, өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны және тасымалдағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгені жазылған.

Атап айтқанда, қоғамдық орындарда есірткіні медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін 80 АЕК-ке дейін, яғни 2026 жылы 346 мың теңгеге дейін айыппұл салу, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту не 20 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.

Есірткіні өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындағаны, сатып алғаны, сақтағаны немесе тасымалдағаны үшін 160 АЕК-ке дейін, яғни 2026 жылы 692 мың теңгеге дейін айыппұл салу, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту не 40 тәулікке дейін қамауға алу жазасы белгіленген.

Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-1-бабында есірткі, психотроптық заттар мен сол тектестерді, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін, егер бұл әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Осылайша, ІІМ мәліметінше, қолданыстағы заңнамада есірткі заттарын медициналық емес мақсатта тұтынуға және оларды өткізу мақсатынсыз заңсыз айналымға шығаруға байланысты әрекеттерге қылмыстық-құқықтық және әкімшілік-құқықтық ықпал ету шаралары қатар қолданылады.

Құжатта қарастырылып отырған мәселенің туындауына қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті мынадай өлшемдерге қарай нақты ажырату қажеттігі негізгі себеп болғаны атап өтіледі:

  • жасалған әрекеттің сипаты;
  • табылған есірткі, психотроптық заттар немесе сол тектестердің мөлшері;
  • өткізу мақсатының болуы немесе болмауы;
  • құқыққа қайшы әрекеттің қайталануы;
  • халық денсаулығы мен қоғамдық қауіпсіздікке төндіретін қатер деңгейі;
  • құқық бұзушыға профилактикалық, медициналық және оңалту шараларын қолдану қажеттігі.

ІІМ мәліметінше, ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің 296-бабының 1 және 2-бөліктері бойынша жыл сайын 3 мыңнан 4,6 мыңға дейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркейді. Атап айтқанда, 2020 жылы – 4602, 2022 жылы – 3241, 2023 жылы – 3194, 2024 жылы – 3372, ал 2025 жылы 2993 іс тіркелген.

Бұл ретте істердің 45%-дан 70%-ға дейіні ақтайтын негіздер бойынша тоқтатылады.

Қылмыстық кодекстің 296-бабының 1 және 2-бөліктері бойынша:

  • 2020 жылы – 3127 адам;
  • 2021 жылы – 2288 адам;
  • 2022 жылы – 1711 адам;
  • 2023 жылы – 1750 адам;
  • 2024 жылы – 1859 адам;
  • 2025 жылы – 1873 адам сотталған.

Ал Қылмыстық кодекстің 296-бабының 1-бөлігі, яғни қоғамдық орындарда есірткіні медициналық емес мақсатта тұтыну туралы норма іс жүзінде қолданылмайды. Осы бап бойынша сотталғандар саны 2020 жылғы 539 адамнан 2024–2026 жылдары бірлі-жарым жағдайға, яғни жылына 1–11 адамға дейін азайған.

Осылайша, бұл норма қылмыстық сот төрелігі тұрғысынан іс жүзінде "қолданылмайтын" сипатқа ие болғанымен, заң жүзінде қылмыстық-құқықтық тыйым мен сотталғандыққа әкеп соғатын салдарын сақтап отыр.

ІІМ не ұсынады

ІІМ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 1 және 2-бөліктерін алып тастауды ұсынады.

Сонымен қатар:

  • есірткі, психотроптық заттар мен сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны, дайындағаны және өңдегені үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу;
  • қоғамдық орындарда есірткі, психотроптық заттар мен сол тектестерді медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу;
  • профилактикалық және медициналық ықпал ету шараларын қарастыру ұсынылады.

Сондай-ақ өткізу мақсатынсыз есірткінің заңсыз айналымына байланысты қоғамға аса қауіпті әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікті сақтау, ал қоғамдық қауіптілігі төмен жекелеген әрекеттерді әкімшілік құқық бұзушылық санатына ауыстыру көзделіп отыр.

Бұл ұсынысты іске асыру кезінде мынадай түрлі модельдер қарастырылуы мүмкін:

  • Қылмыстық кодекстің 296-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттерді қылмыс санатынан шығару;
  • заңда белгіленген мөлшер шегінде есірткіні өткізу мақсатынсыз сақтауды қылмыс санатынан шығару;
  • есірткіні дайындағаны және өңдегені үшін қылмыстық жауапкершілікті сақтау;
  • құқық бұзушылық қайталанған жағдайда әкімшілік преюдиция енгізу.

ІІМ ұсынылған өзгерістерді іске асыру:

  • есірткіні өткізу мақсатынсыз әрекет жасаған адамдарға заңдық жауапкершілік шараларын қолдануда сараланған тәсілді қамтамасыз етуге;
  • сотталғандыққа ие болатын адамдар санын азайтуға;
  • есірткіні өткізу мақсатынсыз әрекет жасаған адамдардың қоғамға бейімделу мүмкіндігін арттыруға;
  • олардың қайтадан қылмыстық ортаға тартылу ықтималдығын төмендетуге;
  • профилактикалық, медициналық және оңалту шараларын кеңінен қолдануға;
  • есірткіге тәуелді адамдар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға;
  • заңдық жауапкершіліктің ізгілік және мөлшерлестік қағидаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Құжат "Ашық НҚА" порталында 8 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!