Қазақстанда ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдері әзірленеді

14:18, 29 қазан 2026
MKZ: 1575002

© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылғы 29 қазанда Үкімет отырысында Салық кодексіне жекелеген түзетулер әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Атап айтқанда, Ұлттық экономика министрлігіне жекелеген түзетулер пакетін пысықтап, мемлекеттік органдармен жедел келісу тапсырылды.

"Жеке мәселе – ірі байлық иелеріне салық салу. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне бір ай ішінде халықаралық тәжірибені зерделеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін ұсынуды тапсырамын. Сонымен қатар Қаржы министрлігі жергілікті жерлерде салық жинау деңгейін арттыру, көлеңкелі экономиканың үлесін азайту, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, салықтық және кедендік әкімшілендіруді толық цифрландыру жұмыстарын аяқтау жөнінде шаралар қабылдауы керек", – деп тапсырды Олжас Бектенов.

Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы цифрлық трансформация дәуірінде мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыру маңызды екенін атап өткенін еске салды.

Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай ішінде мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспарының жобасын әзірлеп, енгізу тапсырылды.

Бұған дейін Үкімет алдағы екі апта ішінде бизнесті тексеруге мораторий енгізу жөнінде ұсыныстар беретінін жазған болатынбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!