Қазақстан мен Моңғолия арасында жаңа автожол салу жоспарлануда

14:33, 21 сәуір 2026

© Сурет: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хүрэлсүх арасындағы келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар маңызды бағыттары талқыланды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тараптар ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, цифрландыру, тау-кен саласы, туризм, көлік-логистика және өңіраралық байланыс бағыттарындағы өзара тиімді серіктестіктің перспективаларын қарастырды.

Мемлекеттер басшылары Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырудың маңызын атап өтіп, нақты инфрақұрылымдық жобаларға да тоқталды. Атап айтқанда, Астана – Ұлан-Батыр және Өскемен – Өлгей бағыттары бойынша әуе рейстерін қайта ашу, сондай-ақ екі ел арасында тікелей автокөлік жолын салу мәселелері талқыланды. Осы мақсатта Үкіметаралық жұмыс тобын құру ұсынылды.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентіне Баян-Өлгей аймағында Қазақстан консулдығын ашуға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар, тараптар білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін де қарастырды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!