Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге енгізілген түзетулерді ратификациялады

18:33, 19 сәуір 2024

© Сурет: primeminister.kz

2024 жылы 19 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Аталған заң жобасын Сенат депутаттары 2024 жылы 28 наурызда мақұлдады.

Оған сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа барлығы 32 түзету енгізілетіні айтылған.

Түзетулер техникалық реттеуге, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және карантиндік фитосанитарлық шараларға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, тарифтік емес реттеуге, бәсекелестікке, мемлекеттік сатып алуға қатысты.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа негізгі түзетулер мынадай:

"Бірінші, мүше мемлекеттер елдерінің Еуразиялық экономикалық одақ Бірыңғай тізбесінде жоқ зиянды организмдерге қатысты шұғыл фитосанитариялық шараларды қабылдау мүмкіндігі енгізілуде. Екінші, ұлттық электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тану нормалары енгізіледі. Үшінші, Еуразиялық үкіметаралық кеңеске тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін мүше мемлекеттердің бірлескен іс-қимыл бағдарламасын бекіту құқығы беріледі. Төртінші, тауарларды әкелу/әкету кезінде рұқсат құжаттарын алу процесі жеңілдетіледі".

Заңның толық мәтіні баспасөзде жарияланады.

Бұған дейін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға 2023 жылы 25 мамырда Мәскеуде қол қойылғаны хабарланған болатын.

Айта кетсек, мұның алдында Мемлекет басшысы вейпке тыйым салатын заңға қол қойған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!