Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция ережелерін күнделікті өмірде қолдануға шақырды

11:32, 24 қыркүйек 2026
MKZ: 1568586

© Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Конституцияда бекітілген қағидаттар мен құндылықтарды ел болып дәріптеу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы бұған дейін ұлттық идеологияға қатысты көптеген талқылау болғанын еске салды. Оның айтуынша, 1 шілдеде заңды күшіне енген Конституция бұл мәселеге айқын жауап берді. Негізгі заңда елдің өткені, бүгіні мен келешектегі бейнесі көрініс тапқан. Атап айтқанда, оның преамбуласында байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайтуға және Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтауға мән берілген.

"Бұл – төл тарихымызға тағзым ету, бабалар аманатына адал болу деген сөз", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң мен тәртіпті орнықтыру, бірлік пен ынтымақты сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылымды және инновацияны дамыту мемлекеттің мызғымас міндеттері ретінде айқындалғанын атап өтті.

"Біртұтас ұлт ретінде өскелең ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезіне отырып, осы Конституцияны қабылдадық. Сол арқылы болашағы жарқын, бағдары айқын Әділетті, Озық әрі Күшті Қазақстанның берік негізін қаладық", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, азаматтар Конституция ережелерін жақсы біліп, оларды күнделікті өмірде қолданған сайын Негізгі заңның күші арта түседі. Сондықтан Конституция әр адамның қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын және жеке кітапханасынан орын алатын құжатқа айналуға тиіс.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы Конституция құндылықтарын дәріптеу жұмысы формализм мен науқаншылдыққа ұласпауы керектігін ескертті.


"Баяғы жартас – сол жартас болып, қағазбастылық көзқарасынан құтыла алмасақ, еш ілгерілеу болмайды. Бұл жұмысты шын жүрегімізбен, ақ ниетімізбен атқармасақ, қажетті нәтижеге жету өте қиын болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!