Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясат тұжырымдамасына өзгеріс енгізді

16:17, 19 тамыз 2026
MKZ: 1562150

© Фото: akorda.kz

Президент 2026 жылғы 14 тамыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжатта Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын нығайтып, бейбітсүйгіш әрі ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істердегі сенімді серіктес ретінде танылғаны айтылған.

Қазақстан Республикасы көпвекторлы, прагматикалық және белсенді сыртқы саясат жүргізіп, қауіпсіздік, ынтымақтастық пен даму саласындағы жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға және жүзеге асыруға елеулі үлес қосып келеді.

Бұл ретте ұлттық мүдделерді жан-жақты әрі мызғымас түрде қорғауға, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық басымдықтарды сындарлы ілгерілетуге ерекше назар аударылады.

Сондай-ақ "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сәйкес және әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру жөніндегі стратегиялық міндетті ескере отырып, сыртқы кеңістікте мемлекеттің, бизнестің және Қазақстан Республикасының әрбір азаматының мүдделерін ілгерілету мен қорғауға баса назар аудару қажет екені нақтыланды.

Бұл – қазіргі заманғы халықаралық қатынастар жүйесіне үйлесімді кіріккен қуатты, орнықты және әлеуметтік жауапты мемлекет құрудың негізгі шарты.

Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасы 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді және орнықты даму стратегиясында, "Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам" Ұлт жоспарында және Президенттің Қазақстан халқына жолдауларында айқындалған мақсаттар мен міндеттер ескеріле отырып әзірленген. Еске салайық, бұған дейін құжат мәтінінде Президенттің жыл сайынғы жолдаулары туралы айтылған еді.

Қазақстан Республикасы сыртқы саясатын мынадай негізгі қағидаттарға сүйене отырып жүргізеді:

  • ел дамуының жаңа кезеңінде сыртқы саяси бағыттың сабақтастығын сақтау;
  • тұрақты, әділетті және демократиялық әлемдік тәртіпті қалыптастыруға жәрдемдесу;
  • әлемдік саяси, экономикалық және гуманитарлық кеңістікке тең құқықты негізде кірігу;
  • Қазақстан Республикасы азаматтарының және шетелде тұратын отандастардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау.

Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясы елдің тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын нығайтуға, сондай-ақ сыртқы саяси бағыттың дербестігін сақтауға бағытталған.

Тұжырымдама міндеттерінің бірі – Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүрген азаматтарды заңға сәйкес қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жетілдіру.

Адам құқықтары, гуманитарлық дипломатия және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы жекелеген басымдықтар нақтыланды:

  • өңірлік және жаһандық саясат пен экономика мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының ұстанымдары мен бастамалары туралы әлемдік қоғамдастықты, оның ішінде Астана халықаралық форумының әлеуетін пайдалана отырып хабардар ету;
  • қоғамның сыртқы саясат саласындағы сауаттылығын арттыру және сыртқы жағымсыз ықпалдарға төзімділігін күшейту мақсатында Қазақстан жұртшылығына елдің сыртқы саясатының міндеттері мен басымдықтарын, оның нақты нәтижелері мен Қазақстан азаматтары үшін артықшылықтарын жүйелі түрде түсіндіру;
  • шетелде жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ шетел азаматтары асырап алған және шетелде тұратын қазақстандық балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.

Тұжырымдамадан Елбасының тарихи миссиясына байланысты Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға сыртқы саясаттың аса маңызды мәселелері жөнінде бастамалармен жүгіну жөніндегі өмір бойғы құқығы алынып тасталды.

Сондай-ақ құжатта Қазақстан Республикасының Құрылтайы заң шығару билігін жүзеге асыратын елдің ең жоғары өкілді органы екені айтылған.

Тұжырымдаманы іске асыру сыртқы саясаттағы сабақтастық стратегиясы аясында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді.

Жарлық 2026 жылғы 14 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді.

Осылайша енгізілген түзетулер арқылы Тұжырымдама мәтіні жаңа Конституцияға сәйкестендірілді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!