Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан мен Қытай арасындағы ықпалдастықтың жаңа кезеңі басталды
© Фото: akorda.kz
Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Синьхуа" ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, оның мазмұнын байытып, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға дайын.
Президент екі мемлекетті ортақ шекара мен сан ғасырлық тату көршілік тарихы байланыстыратынын атап өтті.
"Қазақ халқы "Жолы бірдің – жүгі бір" дейді. Екі ел арасындағы дәл осындай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сай келеді әрі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік жан-жақты сипат алғанына назар аударды. Қазіргі уақытта екі ел сауда, инвестиция, энергетика, көлік, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениет салаларында белсенді ықпалдасып келеді.
"Стратегиялық серіктестігіміздің шын мәнінде жан-жақты сипат алғанын ерекше атап өткім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтып отыр", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты сауда көлемі жаңа рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өтті. Бүгінде Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр.
Көлік және логистика саласы да екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық бағыты саналады. Президент Қазақстанның Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды өңірде орналасқанын айтты.
"Қытайлық серіктестерімізбен бірге осы географиялық артықшылықты Еуразия ауқымындағы заманауи көлік-логистика инфрақұрылымына айналдырып келеміз. "Бір белдеу, бір жол" мегажобасын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын ілгерілету, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының мүлде жаңа жүйесін қалыптастырып келеді", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан басшысының айтуынша, Қытай мен Еуропа арасындағы көлік қатынасының маңызды буынына айналып келе жатқан Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді дамыту – ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарының бірі.
"Ортақ міндетіміз – осы бағыттың бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыру. Сондықтан "ақылды кеден" жүйесін енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіру мен шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға айрықша мән береміз", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталғанын атап өтті.
"Бүгінде ынтымақтастық нақты сектордағы дәстүрлі бағыттардан бастап, цифрлық экономика саласындағы серіктестікке дейінгі кең ауқымды қамтиды", – деді Мемлекет басшысы.
2026 жылғы 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Кейін саммит "ШЫҰ плюс" форматында жалғасты.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
11:59, 2 қыркүйек 2026
Алматыда полицейлер түнгі клубтар мен барларды аралайды
-
11:51, 2 қыркүйек 2026
Мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер цифрлық форматқа көшіріледі
-
11:47, 2 қыркүйек 2026
2 қыркүйекте Астана, Алматы және Шымкентте валюта бағамы қандай
-
11:34, 2 қыркүйек 2026
Ақтөбеде әпкелі-інілі азаматтар жоқ пәтерді жалға беріп, тұрғындарды алдаған
-
11:26, 2 қыркүйек 2026
Камераны бұрып жіберіп, кетіп қалған: фототұзақ қар барыстарының сирек кадрларын түсіріп алды





