Қарағандыда ашық тұрған кәріз құдығына 8 жасар бала құлап кеткен

14:26, 18 қыркүйек 2018

Қарағанды облысы Саран қаласында сегіз жасар қыз ашық тұрған кәріз құдығына құлап кеткен. Абырой болғанда, оны жақын маңайдан өтіп бара жатқан ер адам құтқарып қалған, деп xабарлайды Baq.kz.

Жаттығу залынан қайтып келе жатқан 5-сынып оқушы ұялы телефонмен сөйлесіп келе жатып алдында ашық тұрған кәріз құдығын көрмей қалған. Абайсызда қоқыс пен нәжіс толы құдыққа түсіп кеткен бала жарты сағаттан астам уақыт бойы құдықтан шыға алмаған. Жылап, көмек сұраған баланы жақын жерде өтіп бара жатқан ер адам құтқарып қалған.

«Қызым бассейнге кеткен болатын. Оған қоңырау шалып едім, жаттығудан шыққанын, үйге келе жатқанын айтты. Бірақ ол кешікті. Оны ойлап уайымдай бастадық. Біраз уақыттан кейін домофонға қоңырау шалды, жылап тұр екен. Дереу төменге түсіп едім, қызымның үсті-басының шылқып кеткенін, лас екенін көрдім. Бала қатты қорыққан, шошыған», - дейді қыздың анасы Светлана. ⠀

Осы оқиғадан кейін ғана коммуналдық мекеме қызметкерлері кәріз құдығының бетін жапқан.

«Біз бұған дейін бірнеше рет әкімшілікке және мемлекеттік коммуналдық мекемеге ашық тұрған құдықтардың бетін жабуды сұрап, шағым түсірген болатынбыз. Бірақ ешкім де көңіл аудармады. Енді қызымызбен осындай жағдай орын алғаннан кейін құдықтың бетін бірден жапты», - дейді Светлана.

«Саранькоммунсервис» компаниясының өкілдері ашық құдықтың бетін ауыр бетонмен жауып кеткен.

«Жамбыл көшесі 65-ші үйдің тұрғындары бірнеше рет құдықтың ашық тұрғандығы жайлы ауызша түрде шағым түсірген болатын. Құдық «Саранькоммунсервис» кәсіпорнының меншігінде. Қызмет көрсетуші мекеме бірнеше рет кәріз құдығының бетін қақпақпен жапқан. Алайда оны қайта-қайта ұрлап кетеді», - дейді Саран қаласы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық инспекциясының басшысы Азат Бақышев.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!