Қандай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға ҚҚС-тың 5% мөлшерлемесі қолданылады

09:11, 19 қаңтар 2026

© Фото: pexels

Үкімет 2025 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен сатуға және импортқа байланысты салық салынатын айналымға ҚҚС мөлшерлемесі қолданылатын дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың, олардың жинақтаушы бөлшектерінің, сондай-ақ техникалық қосалқы құралдардың тізбесін бекітті.

Аталған тізбеге енгізілген тауарларға ҚҚС мөлшерлемесі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 5%, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 10% көлемінде қолданылады.

Тізбеге Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызмет тауар номенклатурасының (ЕАЭО СЭҚ ТН) кодтары көрсетілген 242 тауарлық позиция енгізілген.

Атап айтқанда, тізбе мынадай негізгі тауар топтарын қамтиды:

  • ет және тағамдық ет өнімдері мен субөнімдер;
  • басқа жерде аталмаған немесе енгізілмеген жануар текті өнімдер;
  • ұн-жарма өнеркәсібінің өнімдері, уыт, крахмал, инулин, бидай клейковинасы;
  • майлы дақылдардың тұқымдары мен жемістері, өзге де тұқымдар, дәндер, дәрілік және техникалық мақсаттағы өсімдіктер, сабан мен мал азығы;
  • табиғи тазартылмаған шеллак, камедьтер, шайырлар және өсімдік шырындары мен экстракттары;
  • жануар немесе өсімдік текті майлар мен май өнімдері, дайын тағамдық майлар, балауыздар;
  • қант және қанттан жасалған кондитерлік өнімдер;
  • какао және какао өнімдері;
  • түрлі тағам өнімдері;
  • алкогольді және алкогольсіз сусындар, сірке суы;
  • тұз, күкірт, жер мен тас, әк, цемент және сылақ материалдары;
  • бейорганикалық және органикалық химия өнімдері, оның ішінде бағалы және сирек жер металдарының, радиоактивті элементтер мен изотоптардың қосылыстары;
  • фармацевтикалық өнімдер;
  • тыңайтқыштар;
  • бояғыш және илеу экстракттары, бояулар, лактар, полиграфиялық бояулар, сия мен тушь;
  • эфир майлары, парфюмериялық, косметикалық және гигиеналық құралдар;
  • сабын, жуғыш заттар, майлау материалдары, жасанды және дайын балауыздар, тазалау және жылтырату құралдары, стоматологиялық балауыздар мен құрамдар;
  • ақуызды заттар, модификацияланған крахмалдар, желімдер, ферменттер;
  • фото және кино тауарлары;
  • өзге де химиялық өнімдер;
  • пластмассалар және олардан жасалған бұйымдар;
  • каучук, резеңке және резеңке бұйымдар;
  • өңделмеген терілер (табиғи аң терісінен басқа) және былғары;
  • қағаз, картон және олардан жасалған бұйымдар;
  • мақта;
  • киіз, фетр және тоқыма емес материалдар, жіптер, арқан-жіп бұйымдары;
  • трикотаждан және трикотажсыз тігілген киімдер мен киімге арналған бұйымдар;
  • өзге дайын тоқыма бұйымдары, жиынтықтар, пайдаланылған киімдер мен тоқыма бұйымдары;
  • тас, гипс, цемент, асбест, слюда және ұқсас материалдардан жасалған бұйымдар және басқа да тауарлар.

Тізбеге берілген ескертпеде көрсетілгендей, аталған ҚҚС мөлшерлемелері мынадай шарттар орындалған жағдайда қолданылады:

  • фармацевтикалық немесе медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензияның болуы немесе медициналық бұйымдарды көтерме саудада өткізуге қатысты қызметтің басталғаны не тоқтатылғаны туралы хабарламаны қабылдау жөніндегі талонның болуы;
  • дәрілік заттардың Қазақстан Республикасының аумағында тіркелуі;
  • тіркелмеген дәрілік заттарды импорттау кезінде тиісті рұқсат құжатының болуы;
  • тауарлардың мақсатты пайдаланылуын растайтын құжаттардың болуы.

Аталған қаулы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұған дейін Қазақстанда ҚҚС-тан босатылатын медициналық қызметтер мен дәрілік заттардың тізбелері бекітілгені хабарланған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!