Ісі алға баспаған алаяқтар «кек алуға» көшті

14:54, 23 ақпан 2026

© Сурет: unsplash

Алаяқтар сәтсіз аяқталған қоңыраулардан кейін "кек алу" тәсіліне көшкен, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мұндай жағдайлар Ресейде тіркелген. Бұл туралы Лента.ру басылымына Smart Business Alert (SBA) сервисінің мамандары (ECA PRO компаниясы) мәлімдеген.

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде адамдар алаяқтардың классикалық айлаларын тезірек тани бастады. Мысалы, олар өздерін курьер, домофон жөндеуші, емхана қызметкері немесе инвестициялық жоба өкілі ретінде таныстырса, көпшілік олармен сөйлесуден бас тартады. Дегенмен, қаскөйлер мұнымен тоқтап қалмай, жаңа әдіске көшкен.

Көбіне екі әдіс қолданылады:

Бірінші тәсіл – SMS-бомбинг. Бұл жағдайда адамның нөміріне түрлі сервистерден жаппай хабарламалар мен қоңыраулар келе бастайды. Алаяқтар қорғанысы төмен компанияларға шабуыл жасап, олардың сервистерін пайдаланады. Мұндай әрекет тікелей үлкен қауіп төндірмегенімен, хабарламалар мен қоңыраулар келген компаниялардың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Себебі жәбірленуші жағымсыз әсерді алаяқтарға емес, дәл сол хабарлама жіберген брендтерге бағыттайды.

Екінші тәсіл – арандатушы пікірмен шағын ақша аударымдары. Алаяқтар жәбірленушінің шотына жедел төлем жүйесі арқылы аз мөлшерде ақша аударып, түсіндірме жолына "есірткі үшін" немесе "карта бергенің үшін" сияқты күмәнді жазбалар қалдыруы мүмкін. Мамандардың айтуынша, бұл әлдеқайда қауіпті. Себебі банк жүйелері мұндай операцияларды күмәнді деп танып, шотты бұғаттауы және тексеріс бастауы ықтимал. Алаяқтардың мақсаты да осы.

Бұған дейін Астанада зейнеткерге қатысты алаяқтық жасаған күдікті ұсталғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!