ІІМ әскери қызметшілеріне ақшалай төлемдер төлеу тәртібі өзгерді

16:07, 20 қазан 2026
MKZ: 1573384

© Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 28 қыркүйектегі бұйрығымен ішкі істер органдарының әскери қызметшілеріне ақшалай қамтылым, жәрдемақылар және өзге де төлемдер төлеу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Енді бір айды толық қызмет өткермеген әскери қызметшінің ақшалай қамтылымы сол айда нақты қызмет еткен күнтізбелік күндерінің санына қарай есептеледі.

Әскери қызметші дәлелді себепсіз қызметке келмесе, оған ақшалай қамтылым әскери міндеттерін нақты орындаған күндері үшін ғана төленеді. Төлем командирдің немесе бастықтың бұйрығы негізінде есептеледі. Бұйрықта қызметшінің қызметте болмаған күндері көрсетіледі. Пропорционалды есептеу үшін тиісті айдағы күнтізбелік күндер саны негізге алынады.

Шетелдік әскери оқу орындарында жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқитын әскери қызметшілерге төлемдер халықаралық шарттарға, келісімдер мен келісімшарттарға сәйкес төленеді.

Әскери қызметші командирдің немесе бастықтың қарамағына алынған күннен бастап соңғы атқарған әскери лауазымы бойынша ақшалай қамтылымы:

  • - басқа лауазымға тағайындалған жағдайда – екі ай бойы;
  • - ұйымдық-штаттық іс-шараларға байланысты – үш ай бойы сақталады.

Командирдің немесе бастықтың қарамағында жүрген әскери қызметшіге қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылған немесе қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасы қолданылған жағдайда, оған ең төменгі жалақы мөлшерінде төлем төленеді.

Бұл төлем аталған қаулы шығарылған немесе бұлтартпау шарасы қолданылған күннен бастап қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін беріледі. Оның мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақыға тең болады.

Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылған немесе қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасы қолданылған күннен бастап командирдің не бастықтың қарамағында болған әскери қызметшіге қатысты сот ақтау үкімін шығарса немесе қылмыстық іс ақтайтын негіздер бойынша тоқтатылса, оған қарамағында болған бүкіл кезең үшін тиесілі ақшалай қамтылым толық төленеді. Бұл ретте бұрын ең төменгі жалақы мөлшерінде төленген сома шегеріледі.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы мерзімді әскери қызметшілерге қызметтен босатылған кездегі жәрдемақы олардың мәртебесін растайтын құжат негізінде төленеді. Бұл құжатты олардың есепке алынған немесе тұратын жері бойынша астананың, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органы береді.

Жеке құрамды есепке алу бөлімшесі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке алатын ұйымға алдын ала жазбаша сұрау жібереді.

Далалық төлемдер әскери бөлім немесе республикалық мемлекеттік мекеме командирінің не бастығының бір тәуліктен астам уақытқа далалық шығуды өткізу туралы бұйрығы негізінде төленеді. Төлем далалық шығу аяқталып, әскери қызметші қызмет өткеретін орнына оралғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

Бұйрықта далалық шығуда болған кезең және оған қатысқан әскери қызметшілердің тізімі көрсетіледі. Тізімде олардың әскери атағы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және атқаратын лауазымы жазылады.

Бұйрық 2026 жылғы 30 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!