ХОК тарихи шешім қабылдады: Олимпиада қатысушыларына 10 мың доллардан грант беріледі

10:38, 25 маусым 2026

© Сурет: pixabay

Халықаралық Олимпиада комитеті (МОК) тарихи шешім қабылдап, Олимпиада ойындарының барлық қатысушысына қаржылық грант беру туралы бастама көтерді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2026 жылғы 25 маусымда Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті мәлімдеді.

Халықаралық Олимпиадалық комитеті (ХОК) спортшыларды қолдауға арналған жаңа бағдарламаның іске қосылғанын жариялады. Енді тарихта алғаш рет Олимпиада ойындарының әрбір қатысушысы 10 000 АҚШ доллары көлеміндегі Fit for the Future Olympian Grant грантын алуға үміткер бола алады. Бұл шешім Швейцарияның Лозанна қаласындағы ХОК-тың 146-сессиясында жарияланды. Грантты алғаш болып 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпиада ойындарының қатысушылары алады.

Жаңа бастама спортшылардың мансабын ұзақ мерзімді дамытуға және спорттық жолын аяқтағаннан кейінгі бейімделуіне қолдау көрсетуге бағытталған "Fit for the Future" стратегиялық бағдарламасы аясындағы алғашқы жобалардың бірі болды.

"Fit for the Future Olympian Grant" гранты қазіргі қолданыстағы қолдау бағдарламаларын толықтырады. Әрбір олимпиадалық циклде шамамен 14 мың спортшы Олимпиада ойындарына әр қатысқаны үшін 10 мың АҚШ доллары көлеміндегі грантқа үміткер бола алады. Қаражат Ұлттық Олимпиадалық комитеттердің қолданыстағы құрылымдары арқылы бөлінеді. Егер спортшы грантқа өтінім бермесе, оған бөлінген қаражат қорда қалып, болашақ олимпиадашыларды қолдауға жұмсалады.

Сонымен қатар жаңа бағдарлама ХОК-тың Ұлттық Олимпиадалық комитеттерге, халықаралық спорт федерацияларына, Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеттеріне және Olympic Solidarity бағдарламасы арқылы көрсетіп отырған қолдауының көлеміне әсер етпейді.

Грантты 2026 жылғы Олимпиада ойындарынан бастап Aa санатындағы аккредитациямен қатысқан барлық спортшылар ала алады. Ал жасөспірімдердің Олимпиада ойындарының қатысушылары бұл бағдарламаға кірмейді. Сондай-ақ спортшы допингке қарсы ережелерді, ХОК Әдеп кодексін, жарысқа қатысу талаптарын немесе Олимпиадалық хартияны бұзбаған болуы тиіс.


"Бұл грант әрбір олимпиадашыға қолжетімді болады. Тек жүлдегерлерге немесе белгілі бір елдің спортшыларына ғана емес. Себебі әрбір атлеттің Олимпиадаға дейінгі жолы ерекше. Олимпиада аренасына шығу үшін олардың әрқайсысы үлкен қиындықтардан өтті, көп нәрседен бас тартты. Оның артында жылдар бойғы еңбек, табандылық және арманға деген сенім жатыр. Біз бұл қаражаттың жүлде үшін берілмейтінін ерекше атап өткіміз келеді. Бұл – олимпиадашы атану жолындағы қажырлы еңбек пен жанкештілікті мойындаудың белгісі. Сондай-ақ бұл осы жолды бұған дейін жүріп өткен спортшыларға деген құрмет", – деді ХОК Спортшылар комиссиясының төрағасы Пау Газоль.

Қазіргі уақытта ХОК өтінім беру және гранттарды төлеу тетігін әзірлеуде. Италиядағы Олимпиада ойындарының қатысушылары үшін өтінім қабылдау осы жылдың соңында басталады деп жоспарлануда. Ал алғашқы төлемдер 2027 жылы жүзеге асырылады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!