«Халық аренада» ем қабылдап жатқан науқастар дәрігерлерге шағымданды

10:33, 14 сәуір 2021
371

© Сурет: видеодан алынды

Алматыдағы "Халық арена" спорт кешенінде коронавирустан ем қабылдап жатқан науқастар дәрігерлерге шағымданды. Науқастар ондағы ақ халаттылардың дәрменсіздігін айтып әлеуметтік желілерге жазған. Ал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы аталған ақпараттың жалған екенін айтып отыр, деп хабарлайды zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.

"Қаладағы "Халық арена" спорт кешенінің жартысы, ковидпен ауыратын науқастарға өткен айда берілген. Қазір мұнда да вирус жұқтырғандар ем қабылдап жатыр. Десе де алып ғимаратта емделіп жатқан науқастың бірі, жағдайдың мәз емес екенін айтып әлеуметтік желіде жазба қалдырған. Жазба соңында, науқас өзі жайлы жария етпеуді де өтініпті. Дегенмен, қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарды", - дейді тілші.

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ:

- Жоғарыда жазылған ақпарат шындыққа жанаспайды. 2021 жылдың 12 сәуіріндегі жағдай бойынша "Халық Арена" ауруханасында 68 науқасқа - 9 дәрігер мен 2 реаниматолог дәрігер бөлінген. Мекеме қызметкерлермен, қосымша ресурстармен, дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз етілген. Дәрігерлер тобы стандарттарға сай жұмыс жасауда. Басқарма өкілдері қажет болған жағдайда ондағы орын санын көбейтеміз деп отыр.

Жалпы қалада қазір жаппай вакциналау жүріп жатыр. Өтініш білдірген кез келген тұрғын ойын-сауық орталығында, тіпті базарларда екпе салдыруда. Ал вакцинациялау ісіне тәжірибиелі дәрігерлерден бөлек, 970 ерікті тартылған.

Жәнібек СОЛТАНАЙ, АЛМАТЫ қ. ЖАППАЙ ВАКЦИНАЛАУ ШТАБЫ ЕРІКТІЛЕРІНІҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

- Медициналық жоғары оқу орындарымен медициналық колледж білім алушылары қала тұрғындарын жаппай вакцинациялау жұмыстарына белсенді араласуда. Қаламыздың 91 емханасы мен сауда-ойын орталықтарында 364 волонтер мен шақырылған мамандар вакцинация пунктерінде қызмет атқаруда.

Қазір қалада вакцина салдыруға ниет білдіргендердің қарасы қалың. Мәселен, қалалық жетінші клиникалық аурухана 1000-нан аса тұрғынға екпе салыпты. Дәрігерлер келушілердің бойында үрей бар екенін жасырмады.

Ботагөз ҚУАНТАЙҚЫЗЫ, АЛМАТЫ №7 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:

- 1050 -доза вакцина жасалынды осы поликлиника бойынша. Көбі айтады кішкене температурамыз көтерілді. Біреулер айтады буындарымыз, сүйектеріміз қақсап ауырды деп. Реакция көрсеткені - жұмыс істеп жатқаны вакцинаның.

Дегенменде Денсаулық сақтау министрлігі қалада індеттен көз жұмғандар санының артқанын мәлімдеді. Осыған орай кеше Алматы облысының Көксу ауданында блок-бекеттер орнатылған. Бірақ Департамент өкілдері оларды ертең алып тастайтындарын мәлімдеді.

Әлия ШАҒИАХМЕТ, ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

- Департамент Алматы облысы Көксу ауданының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 9 сәуірдегі №54 қаулысының 14 сәуір күні сағат 00-ден бастап күші жойылатынын мәлімдейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 11-ші сәуірде еліміз бойынша індеттен 24 адам көз жұмған. Оның - он бірі алматылық, төртеуі - Ақтөбе, екеуі - Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!