Геннадий Головкин әлемдік бокс элитасының қатарына енді

09:47, 15 маусым 2026

© Сурет: Instagram/turizm_sport_ministrligi

Қазақстандық бокс аңызы Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына (IBHOF) қабылданған алғашқы қазақстандық спортшы атанды.

Салтанатты рәсім АҚШ-та өтті.

Olympic сайтының мәліметінше, Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына (IBHOF) алғашқы ұсынылған сәтінен-ақ қабылданды. Бұл кәсіби бокс әлеміндегі ең жоғары құрметтердің бірі саналады. Енді оның есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді бокс аңыздарымен бір қатарда аталады.

Қазақстандық боксшымен бірге "Класс 2026" тізіміне келесі спортшылар енді:

Men’s Modern санаты: Геннадий Головкин (Қазақстан), Антонио Тарвер (АҚШ), Найджел Бенн (Ұлыбритания)

Women’s Modern санаты: Наоко Фудзиока (Жапония), Джеки Нава (Мексика)

Геннадий Головкиннің бұл мәртебеге ие болуы оның бірегей спорттық көрсеткіштеріне негізделген. Әуесқой бокста ол 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жеткен. Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы Қазақстан құрамасының көшбасшысы болып, ел намысын әлемдік деңгейдегі ең ірі жарыстарда абыроймен қорғады.

Кәсіпқой боксқа ауысқаннан кейін Головкин XXI ғасырдағы орта салмақтағы үстемдік ететін чемпиондардың біріне айналды. Оның еншісінде 45 жекпе-жек пен 42 жеңіс бар. Оның 37-сі нокаутпен аяқталған. Спорттық мансабында ол WBA, WBC, IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанып, The Ring журналының беделді белбеуін иеленді. Сондай-ақ ұзақ уақыт бойы салмақ дәрежесіне қарамастан үздік боксшылардың әлемдік рейтингінде (Pound-for-Pound) көш бастады.

HBO телеарнасымен жасалған келісімшарт қазақстандық боксшыны қысқа мерзімде әлемдік бокстың басты жұлдыздарының біріне айналдырды. Оның көрерменге тартымды стилі мен жойқын соққысы әлемдік аренадағы ең танымал спортшылардың қатарына қосты. Геннадий Головкиннің жекпе-жектері тұрақты түрде миллиондаған көрерменді экран алдына жинады.

Головкин орта салмақ тарихындағы бірқатар рекордтардың иесі. Оның тоғыз жыл бойы жалғасқан қатарынан 23 нокауттық жеңісі осы дивизион тарихындағы ең ұзақ серия болып саналады. Сонымен қатар оның қоржынында әлем чемпионы титулдарын 21 рет сәтті қорғау көрсеткіші бар. Ал 90 пайыздан асқан мерзімінен бұрын аяқталған жеңістер көрсеткіші әлем чемпиондары арасындағы ең жоғары нәтижелердің бірі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.

Бүгінде Геннадий Головкин Қазақстанның спорттық мүддесін тек рингте ғана емес, халықаралық спорттық басқару деңгейінде де танытып келеді. Ол Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетін басқарады, сондай-ақ World Boxing ұйымының президенті қызметін атқарады. Осылайша ол халықаралық спорт федерациясының президенті болып сайланған Қазақстанның алғашқы өкілі атанды.

Айта кетейік, Халықаралық бокс даңқы залы 1989 жылы Эд Брофи бастамасымен Канастота қаласында құрылған. Бұл ұйым бокс спортына елеулі үлес қосқан тұлғаларды мәңгі есте қалдыруға арналған әлемдегі басты институт саналады. Ұйым кәсіби бокстың тарихын сақтау және дәріптеумен айналысады. Қазіргі таңда Халықаралық бокс даңқы залының құрамында 300-ден астам мүшесі бар.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!