Еуропа ғалымдары Абай мұрасын зерттеуді күшейтпек

09:14, 12 тамыз 2025

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Шет мемлекеттерде Ұлы ақынымыздың құрметіне көше аттары беріліп, ескерткіштері мен мүсіндері орнатылып, орталықтары ашылған. Осы орталықтар ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтауға, дәріптеуге күш салса дейді шетелдік ғалымдар.

"Абайдың идеясы тек қазақ халқының ақыл-парасатының жауһары ғана емес, жаһан жұртына ортақ рухани байлық. Қара сөзден қамшы өрген ақынның әрбір өлеңі оқырман жүрегінің түбіне терең бойлайды, дейді еуропалық ғалымдар.

Кемеңгердің мұрасын пір тұтатындар оның даналығы мен даралығы жайлы сағаттап айтудан жалықпайды, деп жазады qazaqstan.tv.

"Мен Абай еңбектерінің ағылшын тіліндегі аудармасын оқыдым. Ол – шынында данышпан, ұлы тұлға. Абайды неміс ақыны Гётемен салыстырып жазылған соңғы кітап қатты ұнады. Қос алып бір дәуірде өмір сүрмесе де, адамзат жайлы ойларының ұқсастығы таңқалдырды. Абайдың еңбектерін ағылшын және басқа да тілдерге көптеп аударуымыз қажет." Джонатан Фрайер, Британ жазушысы

Қарт құрлық зерттеушілері "ұлы философтың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр туралы ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де, өз маңызын жоғалтпайтынын айтады. Ойшылдың өнегелі ойлар шоғыры-әлем халықтарының ортақ қазынасы, дейді бәрі.

Чехияның ұлттық кітапханасындағы "Абай" орталығына хакімнің ішкі дүниесін терең зерттеуге мүмкіндік беретін құнды еңбектер қойылған. Мыңнан аса кітаптың ішінде ақынның 1909 жылы шыққан жинағының, басқа да көне жазбаларының көшірмелері мен суреттері бар. Ағартушының қара сөздерінің чех тіліндегі аудармасын көпшілік осы жерден оқып, құлаққап арқылы бірнеше тілде тыңдай алады. "Абай-қазақ халқының ғана рухани көсемі емес, ол – әлемдік деңгейдегі кемеңгер", – деген Еуропа ғалымдары ойшылдың ғибратты мұрасын дәріптеп, зерттеуді әрі қарай да жалғастыра бермек.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!