Әскери қызметшілерге ақшалай үлесақы мен төлемдерді төлеу қағидалары өзгерді: бұл кімдерге қатысты

16:53, 20 шілде 2026
MKZ: 1557069

© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

Қорғаныс министрінің 2026 жылғы 11 шілдедегі бұйрығымен Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай үлесақы, жәрдемақылар және өзге де төлемдерді төлеу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, әскери қызметші әскери қызметте дәлелді себептерсіз болмаған жағдайда, сондай-ақ "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңның 21-бабы 5-тармағының 6), 8) және 9) тармақшаларында көзделген жағдайларда әскери лауазымдарда емес әскери қызмет өткерген жағдайда, сондай-ақ қамауда болған сотталған әскери қызметшіге ақшалай үлесақы әскери қызмет міндеттерін нақты орындаған күндерге пропорционалды түрде бөлім командирінің (бастықтың) бұйрығы негізінде төленеді. Бұйрықта әскери қызметте нақты болмаған күндер көрсетіледі. Ақшалай үлесақыны пропорционалды есептеу үшін айдағы күнтізбелік күндер қолданылады.

Ақшалай үлесақыны төлеу кезінде әскери қызметшіге ай сайын қағаз немесе электрондық түрде тиісті кезең үшін өзіне тиесілі ақшалай үлесақының құрамдас бөліктері, жүргізілген ұсталымдардың мөлшері мен негіздері, сондай-ақ төленуге жататын жалпы ақша сомасы туралы хабарланады.

Қағидалар жаңа тармақпен толықтырылды. Оған сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік операцияларға персоналдың қатысуы үшін мемлекетке бөлетін ақшалай қаражатын төлеуді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығы әскери бөлімнің валюталық шотына қаражат түскен күнгі Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша қайта айырбастағаннан кейін жүзеге асырады.

Сондай-ақ әскери қызметшіге "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңның 49-бабына сәйкес үш еселенген мөлшерде ақшалай қамтылымды өзі қызмет өткеріп жатқан әскери бөлім (мекеме) өткен ай үшін ағымдағы айдың ақшалай үлесақысымен бірге әскери бөлім командирінің (мекеме бастығының) бұйрығы негізінде төлейтіні толықтырылды.

Әскери қызметші командирдің (бастықтың) қарамағына міндеттер жүктеле отырып қабылданған күннен бастап соңғы атқарған лауазымы бойынша ақшалай қамтылымы мен сыныптық біліктілігі үшін үстемеақысы мынадай мерзімдер ішінде сақталатыны нақтыланды:

  • басқа лауазымға тағайындалған кезде – екі ай,
  • ұйымдық-штаттық іс-шаралар жүргізілуіне байланысты – үш ай.

Сондай-ақ командирдің (бастықтың) қарамағында болған кезеңде әскери қызметшіге оған қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылған күннен бастап тиісті жылға белгіленген ең төменгі жалақы мөлшері төленетіні көрсетілген.

Ақшалай үлесақы алу құқығын айқындау кезінде командирдің қарамағында болу мерзіміне әскери қызметшінің жыл сайынғы негізгі еңбек демалысында болуы, әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелерде емделуі, ал мұндай бөлімшелер болмаған жағдайда немесе оларда тиісті бөлімшелер болмаған кезде әскери қызмет өткеру орны бойынша медициналық ұйымдарда емделу кезеңдері есепке алынбайды.

Әскери қызметшіге қатысты қылмыстық қудалау (қылмыстық іс) ақтайтын негіздер бойынша тоқтатылған немесе сот ақтау үкімін шығарған жағдайда, оған командирдің (бастықтың) қарамағында мәжбүрлі түрде болған уақыты үшін Қағидалардың 26-1-тармағына сәйкес бұрын төленген соманы шегере отырып, ақшалай үлесақы төленеді.

Сыныптық біліктілік үшін үстемеақыны қоспағанда, ерекше қызмет жағдайлары үшін үстемеақы мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерінен басқа әскери қызметшілерге командирдің (бастықтың) бұйрығы негізінде, ерекше қызмет жағдайлары үшін үстемеақы алуға құқық беретін лауазымға тағайындалған күннен бастап, бірақ істер мен лауазымды қабылдаған күннен ерте емес мерзімнен бастап төленеді.

Ұшу әскери-есептік мамандығына сәйкес келетін лауазымда әскери қызмет өткеретін, тиісті командирдің (бастықтың) бұйрығымен оқу жылына ұшуға жіберілген, ұшуларды орындайтын және белгіленген мерзімнен артық үзілістері жоқ әскери қызметшіге ерекше қызмет жағдайлары үшін үстемеақы ағымдағы айда өткен ай үшін төленеді.

Лауазымынан босатылмай ұшу жұмыстарынан шеттетілген әскери қызметшіге үстемеақы ұшу жұмыстарынан шеттету туралы командирдің (бастықтың) бұйрығына қол қойылған күнге дейін төленеді.

Ерекше қызмет өткеру жағдайлары үшін үстемеақы әскери қызметшіге командирдің (бастықтың) бұйрығы негізінде төленеді.

Сауықтыруға арналған жәрдемақы командирдің (бастықтың) бұйрығы негізінде төленетіні және бұйрықта жәрдемақы сомасы көрсетілетіні нақтыланды. Әскери қызметшіні жыл сайынғы негізгі еңбек демалысына жіберу туралы командирдің (бастықтың) бұйрығы демалыс басталғанға дейін алдын ала шығарылады. Бұйрықтың көшірмесі бұйрық шығарылған күні қаржы органына беріледі.

Қаржы органы сауықтыруға арналған жәрдемақыны әскери қызметшінің демалысы басталғанға дейін үш күннен кешіктірмей төлейді.

Әскери қызметтен теріс себептер бойынша шығарылған жағдайда келісімшарт бойынша әскери қызметші сауықтыруға алған жәрдемақы сомасын қызмет атқарылмаған уақытқа пропорционалды түрде өтейді.

Зейнетке шығуына байланысты материалдық көмек көрсету туралы рапорт жұмыстан босату туралы бұйрықтан үзінді көшірме ұсынылғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде комиссияда қаралады. Қарау нәтижелері бойынша комиссия хаттама рәсімдейді, соның негізінде командир (бастық) комиссия шешім қабылдаған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей материалдық көмек төлеу туралы бұйрық шығарады.

Материалдық көмек әскери бөлімнің тізімінен шығарылған күнге дейін төленеді.

Сондай-ақ аурудың аса ауыр түрлері (мысалы, онкологиялық аурулар) болған жағдайда комиссия материалдық көмектің мөлшерін ұлғайту туралы шешім қабылдай алады, бірақ ол екі еседен аспауы тиіс.

Бұйрық 2026 жылғы 28 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!