Ерінді үрлетіп, қабақты тарту қанша тұрады?

22:02, 18 қаңтар 2021

Құдай бермегенді қолдан жасап алуға болады. Оған еліміздегі медицинаның да қауқары жетеді. Мамандардың сөзінше пластикалық ота жасатып, пышаққа түсетіндер саны күн санап артуда. Табиғи болмысын ұнатпай, тәнін өзгерткен кімдер? Ал, бұл жайлы дінде не делінген?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Оңтүстік Корея елінде пластикалық ота жасату, шамадан тыс бояну, күрделі мейкап дәстүрге айналғалы қашан. Біздің елімізде де бұл үрдіс белең алуда. Мамандардың сөзіне сүйенсек, пластикалық ота жасататын нәзік жандардың жасы әркелкі. Бірі 18-дегі бойжеткен болса, өзгесі 60 жасында да осында йқызметке жүгінеді екен. Ал, күніне 2-3 күрделі операция жасалады.

Гүлжан Шәмшиева, пластикалық хирург:

Блефорапластикаға еуропалық типті жасауға жас қыздар келеді, 18 жастан басталады. Арасында болады, бәрі жақсы болып тұрады. Көзі де жақсы, кеудесі де жақсы, бірақ жасаймын дейді. Бәрі жақсы болып тұрса да, өзіне ұнамайды, не бір жұлдызға немесе актерға ұқсағысы келеді.

Табиғи сұлулығын місе тұтпай өзгеге ұқсағысы келетіндер немесе одан да көрікті болу үшін бет - әлпетін өзгертетіндер бар. Психолог Марал Сарбазқызының айтуынша өз-өзін қабылдай алмайтын, өзгеге еліктейтін адамдар ғана осындай қадамға баратын көрінеді.

Марал Сарбазқызы, психолог:

Ең бірінші өзіңді қабылдамау. Ол сыртқы бейне тікелей ішкі бейнемен байланысты. Ішкі жан дүниеңде баланс болмағанда, тепе-теңдік болмағанда. Көбінесе айтып жатады ернім ұнамайды, бетім ұнамайды деп жатады, ол өзін қабылдамау.

Ал, әнші, актриса, жас блогер Розалина Мырзабекова пластикалық ота жасатқанын жасырмайды. "Ерінімді үлкейткеннен кейін өзімді одан да қатты жақсы көріп кеттім" дейді ол.

Розалина Мырзабекова, әнші, актриса:

Ернімді өзгертер кезде бәрі достарым, туыстарым қайтесің өзгертіп, осылай жүре берсеңші деді. Бірақ, мен ешкімді тыңдамадым. Бұрынғы ернім маған ұнады, тек мен оны жақсы қылуға тырыстым. Менің ойымша, жақсы результат шықты деп ойлаймын.

Көрікті болып көріну жолында қыздарымыз неге бармайды дейсіз ғой. Жапсырма кірпік, ұзын тырнақ, терілген қас, дүрдиген ерін мен келбетті пішім жасатады. Ал, шариғат бұған қалай қарайды?

Хасан Аманқұлов, ҚМДБ Шариғат және Пәтуә бөлімі меңгерушісінің орынбасары:

Бетінде немесе мұрнында бір ақау болатын болса, соны түзетуге ота жасатуға шариғат рұқсат етеді. Ал енді бір ешқандай себепсіз, қажетсіз ота жасату, бейнесін өзгерту — бұл харам болып есептеледі.

Жас журналист Жаңабике Қабылда, бала кезінен бұрымын өсіріп келеді. Осы уақытқа дейін бір қатты боянып көрмеппін, табиғи болмысым өзіме ұнайды дейді ол.

Жаңабике Қабылда , журналист:

Қазақ қызы онсыз да ешбір бояусыз әдемі. Кез келген адам өзінше сұлу. Бояуға келетін болсақ, кейде эфирлерге шыққан кезде немесе бір сұхбат берген кезде сәл болса да бояу жағу керек болады. Бірақ, дегенмен де күнделікті өмірде қалыпты еш бояусыз түрде жүре беремін. Яғни, табиғи сұлулықпен.

Иә, қызға әсемдік жарасады. Қазақ қашан да қызын гүлге теңеп, әдемілік пен сұлулықтың ғажап бейнесі деп бағалаған. "Әр арудың шынайы келбеті мен ерекше сұлулығына тең келер ештеңе жоқ" дейді мамандар.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!