Энергетика министрлігі 2035 жылға қарай елді газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізуді жоспарлап отыр

13:35, 7 шілде 2026

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2026 жылғы 7 шілдеде өткен Үкімет отырысында Қазақстандағы газдандыру жұмыстарының қарқыны туралы айтты.

Оның сөзінше, елді газдандыру 2035 жылға дейінгі бас схема аясында жүзеге асырылуда.

"2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанды газдандыру деңгейі 64,2 пайызға жетті. Қазіргі таңда 13,1 миллион адам табиғи газға қол жеткізді. 2026 жылы газ тасымалдау жүйесін дамыту жұмыстары жалғасуда. Жалпы саны 40 жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде 7 ауыспалы және 33 жаңа жоба бар. Солтүстік өңірлерді газдандыру мақсатында 2025 жылғы 9 қазанда Қазақстан Үкіметі мен "Газпром" жария акционерлік қоғамы арасында "Есіл – Астана" магистральдық газ құбырын салу жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды", – деді министр.

Министрдің айтуынша, бұл жоба іске асқан жағдайда Астана, Көкшетау және Петропавл қалалары табиғи газбен сенімді қамтамасыз етіліп, елдің солтүстік өңірлеріне газ жеткізу бағыттары әртараптандырылады.

"Жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырып жатқан газдандыру жобалары уақытылы қаржыландырылып, "Есіл – Астана" магистральдық газ құбыры жобасы сәтті орындалса, елді газдандыру деңгейін 2035 жылға қарай 64,2 пайыздан 80 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысы бойынша газ транзиті 70,4 млрд текше метрді құрады. 2026 жылға арналған жоспар – 73,3 млрд текше метр, ал 2026 жылдың алғашқы бес айындағы нақты көрсеткіш – 30,3 млрд текше метр", – деді Ерлан Ақкенженов.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстандағы газдандыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!