Embraer-190 ұшағының «қара жәшігі» Ақтауға сарапшылар келгеннен кейін бір-ақ ашылады

20:14, 26 желтоқсан 2024

© Сурет: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Ақтаудағы ұшақ апаты орнында табылған "қара жәшік" ұшақты өндіруші ел – Бразилиядан сарапшылар келгеннен кейін ашылып, оқылады. Бұл туралы 26 желтоқсанда Азаматтық авиация комитетінің басшысы Талғат Ластаев мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Халықаралық тергеудің өз алгоритмі бар. Алдымен барлық жиналған мәлімет негізінде "қара жәшіктерді" оқу туралы шешім қабылдайтын комиссия құрылады. Ертең сарапшылар келіп, оларды талдағаннан кейін оны оқуды қалай жүргізу керектігі туралы шешім қабылданады", – деп түсіндірді ӨКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Ластаев.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысының көлік прокуроры Абылайбек Ордабаев алаңы 4 мың шаршы метрден асатын оқиға орны тексерілгенін, ұшақ қалдықтарын жинау жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Диспетчерлер мен экипаж арасында болған сөз жазбалары алынды.

Сонымен қатар, премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев ұшақтың апатқа ұшырауына не себеп болғандығы туралы мерзімінен бұрын ұсынылып жатқан нұсқаларға тоқталды.


"Қазір бірқатар сараптамалар, соның ішінде зерттеулер тағайындалды. Нәтижесі шыққанға дейін ештеңе айта алмаймыз немесе қорытынды жасамаймыз. Тергеу жүріп жатыр. Біз Ресейден де, Әзірбайжаннан да ресми түрде ешқандай болжамдар туралы ақпарат алған жоқпыз", - деді ұшақ апатын тергеу жөніндегі арнайы комиссияның басшысы.

Бұған дейін Қанат Бозымбаев Қазақстанға Embraer және CENIPA компаниясының өкілдері Қазақстанға ұшып шыққанын айтқан болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!