Елімізде көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталады

09:58, 25 наурыз 2025

© Фото: freepik

Елімізде көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталады. Алдағы бір аптада берешегіңізді өтемесеңіз, әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл қосылады.

Қазір азаматтардың банктік мобильді қосымшаларына хабарламалар жіберіліп жатыр. Сол жерден салықтың мөлшерін біліп және оны төлей аласыз.

Салық сомасы темір тұлпар түріне, шыққан жылына және қозғалтқыш қуатына қарай әр түрлі есептеледі. Көлік иелерін электронды түрде ақпараттандыру биыл наурыздың 12-сінен басталған. Көпшілік жіберілген хабарламалар арқылы берешегін біртіндеп өтеп жатыр, деп жазады qazaqstan.tv.

Жалпы мегаполисте 456 мың тұрғынның атына 764 мың автокөлік тіркелген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп. Тиісінше, салықтың жалпы сомасы 20 млрд-тан 22 млрд теңгеге дейін өсті. Алайда берешегін беруден жалтарып жүргендер де жоқ емес.

Бір ғана Алматының өзінде 60 мың адам міндетті төлемін төлеуге құлықсыз көрінеді. Борышкерлердің жалпы қарызы 3 млрд теңгеге жуықтайды. Оларға жаза да қатаң.

"Біріншіден банк счеттарын бұғаттайды, мүліктерін шектейді. Шетелге шығуға тыйым салынады. Жүргізу куәлігін уақытша тоқтатады. Біз осы айдың 12- нен 15-і аралығында рейд жүргіздік, Алматы қаласында сол кезде төленбеген салық төлеушілердің көліктері айыппұл автотұрағына қойылды." Қанағат Күлімбаев, Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы

Әртүрлі себеппен салықтан жалтарып жүргендердің басым бөлігі Алматы қаласы, Алматы облысы, Астана мен Шымкент қаласының тұрғындары екен. Айта кетейік, 1 сәуірге дейін былтырғы көлік салығын төлеу қажет. Тәртіп солай, есептеу бір жылға кеш жүреді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!