Елбасы қоры Үкіметпен бірлесіп салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасын іске асыруға кіріседі

17:14, 17 қаңтар 2020
200

Бағдарлама Елбасының "Ел үміті" бастамасы аясында әзірленген және "100 нақты қадам" Ұлт жоспарын, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономика мен әлеуметтік саланы мемлекеттік басқаруда жаңа тәсілдерді енгізу қажеттігі туралы тапсырмасын сапалы орындауға бағытталған, деп хабарлайды zakon.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бағдарламаны Тұңғыш Президент қоры Үкіметпен және АХҚО-ымен бірлесіп жүзеге асырады. Оның басты мақсаты — салалық кәсіби тұлғаларды табу және оларды экономиканың басымдықты салаларында өзгерістерді басқаруда көшбасшылар ретінде одан әрі даярлау.

Мәселен, 2019 жылы 27 қарашада талантты жастармен өткен кездесуде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев экономиканың түрлі салаларында кәсіби мамандардың қалыптасуының маңыздылығын атап өтті.

"Басты талап – ең үздік білім мен әлемнің жетекші компанияларында тәжірибе жинау ғана емес, командада жұмыс істей білу, күрделі міндеттер үшін жауапкершілік ала білу және оларды соңына дейін жеткізе білу. Бағдарлама бойынша іріктелген әрбір маман өзгерістер басқару менеджеріне дейінгі оқытудан өтеді", — деді Елбасы.

Бағдарламаның өзектілігі Мемлекет басшысы алға қойған мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру бойынша міндеттер аясында арта түседі. Ел Президенті Тоқаев "бізге түрлі салаларда жаңа формациядағы басқарушылар командасы керек" деген болатын.

Бағдарлама қазақстандық кәсіби мамандарды мемлекеттік басқаруға тарту үшін қосымша жағдайлар жасайды. Бұл ретте, азаматтардың мемлекеттік аппаратпен ынтымақтастығының жаңа форматтары ұсынылады, бұл оларды міндетті түрде мемлекеттік қызметте лауазымға ие болуға тартуды көздемейді.

Бағдарлама аясында бірінші кезеңде сауда және логистика, құрылыс, ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау және өнеркәсіп (соның ішінде – жаңа индустрия), су ресурстары, өңірлік даму және қалаларды басқару, туризм, мәдениет және спорт, білім беру, денсаулық сақтау және медиаиндустрия секілді 11 саладағы нақты міндеттерді жүзеге асыруға 200 қазақстандық кәсіби маманды тарту көзделген.

Бағдарламаға қатысуға мемлекеттік және жекеменшік секторда жұмыс істейтін, соның ішінде шетелде тұратын, табысты практикалық тәжірибесі, кәсіби білімі және ең бастысы – мемлекеттің өркендеуіне жеке үлесін қосуға ниеті бар ҚР азаматтары шақырылады.

Бағдарламаға қатысушылар әлемнің жетекші институттары мен компанияларында курстар мен тағылымдамалар түрінде функционалдық және салалық оқытудан өтеді.

Өзгерістерді басқару бойынша менеджерлерді даярлау бағдарламасының маңызды компоненті — оның қатысушыларының жоғарыда аталған 11 саладағы ең өзекті 49 практикалық міндеттерді шешуі.

Бағдарламаға қатысушылар өздерінің тәлімгерлері ретінде әрекет ететін жетекші отандық және халықаралық сарапшылармен, Үкімет басшылығымен тікелей және жүйелі өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігіне ие болады.

Бағдарламаға жалпы басшылық етуді ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бастаған Басқарушы комитет жүзеге асырады. Бағдарламаны іске асыруды ТПҚ Үкіметтің жобалық офисімен бірге қамтамасыз етеді.

Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлердің өтінімдерін қабылдау 15 қаңтарда басталды. Салалық командаларды іріктеу және қалыптастыру процесі осы жылдың 15 наурызына дейін аяқталады. Бұл жұмыспен арнайы тәуелсіз комиссия айналысады. Кандидаттарды бағалауға, іріктеудің объективтілігі үшін халықаралық сарапшылар тартылатын болады. Бағдарламаға қатысуға өтінім беру үшін cv@elumiti.kz электрондық поштасына кері байланыс үшін байланыс деректерін көрсете отырып, түйіндеме жіберу қажет.


Источник: zakon.kz

Пікір