Елбасы JP Morgan Chase International басқарма төрағасын қабылдады

21:44, 11 қараша 2019

Нұрсұлтан Назарбаев "JP Morgan Chase International" басқарма төрағасы Джейкоб Френкельмен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz Елбасы сайтына сілтеме жасап.

Әңгіме барысында Елбасы әлемнің жетекші сарапшылары өзара диалог құруы үшін "Астана клубы" алаңының ерекше маңызды екенін атап өтті.

- Қазақстанға қош келдіңіздер. Біздің форумға көрнекті қаржыгер, беделді ғалым және экономист, әлемдегі жетекші қаржылық ұйымның табысты басшысы қатысып отырғанына өте қуаныштымыз. Бүгін "Астана клуб" форумы әлемнің зиялы қауымымен, экономистерімен және саясаткерлерімен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беріп отыр, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Кездесу барысында тараптар "Астана" Халықаралық қаржы орталығын одан әрі дамыту перспективаларына да назар аударды.

- Сіз АХҚО Қазақстан үшін экономикалық дамуға серпін беретін маңызды трансформациялық шешім екенін атап өттіңіз. Біз бұл бастаманы одан әрі дамытып жатырмыз. Қазіргі уақытта АХҚО қаржы орталықтарының жаһандық индексінде 61-ші орында тұр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!