Экс-әкім сот үкімін 8 миллион теңгеге «сатып алмақ» болған

10:49, 3 тамыз 2026
MKZ: 1559320

© Фото: pixabay

Ақтөбе облысы Шалқар қаласының бұрынғы әкімі сот үкімін 8 миллион теңгеге сатып алмақ болған. Оған өзін адвокат ретінде таныстырған әйел ақтау үкімін шығарып беруге уәде етіп, қомақты қаржыны қалтасына басқан. Дегенмен кейін ол сыбайласымен бірге алаяқтық үшін сот алдында жауап берді.

"Диапазон" газетінің мәліметінше, бұған дейін 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген бұрынғы шенеунік сот шешімімен келіспей, үкімнің күшін жоюдың жолдарын іздеген. Сол кезде туыстарының бірі оған заңгерлік көмек алу үшін Қаламқас С. есімді адвокатқа жүгінуге кеңес берген.

Экс-шенеунік әкесімен бірге әйелдің үйіне барып, кездескен. Сол жерде өзін адвокат ретінде таныстырған Қаламқас С. оған соттан ақтау үкімін шығарып бере алатынын айтып, бұл қызметі үшін 8 миллион теңге сұраған.

Ер адам сұралған соманың жартысы – 4 миллион теңгені бірден берген. Бір аптадан кейін әйел "мәселе шешіліп жатыр, оң нәтиже шыққан соң қалған 4 миллион теңгені бересіз" деп хабарлаған. Алайда іс оң шешілмей, бұрынғы әкім ақталмаған.

Бір қызығы, ол әйелмен ешқандай келісімшарт жасамаған, сондай-ақ ақшаны бергені туралы түбіртек те алмаған. Ал Қаламқас С. сотта бұл 4 миллион теңгені қарыз ретінде алғанын мәлімдеген. Өзін алданғанын түсінген бұрынғы шенеунік полицияға арыз жазған.

Тергеу барысында бұл Қаламқас С.-ның жалғыз қылмысы емес екені анықталды. Белгілі болғандай, ол Ақбота Т. есімді сыбайласымен бірге пәтерге қатысты ірі алаяқтық схемаларын ұйымдастырған. Олар азаматтарға "Самұрық-Қазына" қоры арқылы кейін сатып алу құқығымен жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына кезекке тұрғызамыз деп уәде беріп, сол үшін қомақты қаржы алған.

Мәселен, бір азаматқа Астанадағы "Эдельвейс" тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі бір пәтерді және "Highvill" тұрғын үй кешенінен үш үш бөлмелі пәтерді кезек арқылы алып береміз деп сендірген. Әлгі азамат бұған сеніп, алаяқтарға 47 миллион теңге берген.

Осыған ұқсас тәсілмен Қаламқас С. мен Ақбота Т. тағы бірнеше адамды алдап, ірі көлемде ақша иеленген. Нәтижесінде сот оларды алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. 54 жастағы Қаламқас С. алаяқтық қылмысы үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім жарияланғаннан кейін ол бірден сот залында қамауға алынды.

Ал оның сыбайласы Ақбота Т. да 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда оның кәмелетке толмаған кішкентай баласы болғандықтан, сот жазаны өтеуді 3 жылға кейінге қалдырды. Сонымен қатар сот екі сотталушыны да жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды толық өтеуге міндеттеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!