Әкімдіктерге туризм саласы бойынша жаңа өкілеттіктер берілді

16:56, 29 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

2025 жылғы 29 желтоқсанда Мәжіліс депутаттары Туризм саласын және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Мәжіліс депутаты Никита Шаталовтың айтуынша, түзетулердің басты мақсаты – мемлекеттік қолдауды неғұрлым нысаналы, түсінікті әрі нәтижелі ету.

"Ең алдымен, бұл туристік инфрақұрылымға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуге қатысты. Мұндай нысандарға нақты талаптар белгілеу өтемақының мақсатты әрі негізді болуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ заманауи сапа мен қолжетімділік стандарттарына сай келетін визит-орталықтар мен туристерді орналастыру орындарын салу және жаңғыртуға ынталандырады. Бұл, әсіресе, басым туристік аумақтар үшін маңызды. Сонымен қатар, бұл туризм саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаттарына қол жеткізбейтін, қажетті нәтиже бермейтін нысандарды қолдау тәуекелдерін азайтады", – деді Н. Шаталов.

Оның айтуынша, заң жобасы уәкілетті органның өзге де қолдау шараларына талаптар белгілеу жөніндегі өкілеттіктерін бекітеді.

Атап айтқанда:

  • ел ішінде кәмелетке толмаған жолаушыларды тасымалдау кезінде турөнім құрамына кіретін әуе билеттерінің құнын субсидиялау;
  • кірме туризм аясында әрбір шетелдік турист үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялау. Яғни, қолдау нақты экономикалық нәтиже мен тиімділікке бағытталады.
"Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың рөлі күшейтіледі: олар басым туристік аумақтардың шекараларын айқындай алады және мемлекеттік қолдау есебінен салынған немесе жаңғыртылған нысандардың сақталуын әрі мақсатты түрде пайдаланылуын бақылауға құқылы болады. Бұл – жергілікті деңгейдегі жауапкершілік пен мемлекеттік инвестицияларды қорғау мәселесі", – деп қосты депутат.

Бұдан бөлек, заң жобасы аясында депутаттардың түзетулерін ескере отырып, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесі және "E-Спорт" цифрлық платформасы енгізіледі. Бұл бір спортшыға жылына жұмсалатын шығын көлемін 415 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!