Екібастұздағы Деректерді өңдеу орталығы аңғарының құрылуына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды

15:42, 21 қаңтар 2026

© Сурет: wikimedia/Alinu0102

Жасанды интеллект және цифрлық даму жөніндегі бірінші вице-министр Ростислав Коняшкин 2026 жылғы 21 қаңтарда өткен Үкімет отырысында Екібастұз қаласында жүзеге асырылатын Деректерді өңдеу орталығы аңғары жобасының негізгі параметрлері туралы баяндап берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ол жобаның алаңы, инфрақұрылымы, инвесторлардың қатысу үлгілері және мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде мәлімдеді.

Ростислав Коняшкиннің айтуынша, Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы аясында Мемлекет басшысы "Деректерді өңдеу орталықтары аңғары" жобасын орынды әрі перспективалы бастама ретінде бағалаған.

"Деректерді өңдеу орталықтары аңғарын орналастыру үшін пилоттық алаң ретінде Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы таңдалды. Қала әкімдігі жалпы көлемі 200 гектар болатын жер телімін резервке қойып отыр. Жоба аясында су жүйесі, кіреберіс жолдар, телекоммуникация желілері мен электрмен жабдықтауды қоса алғанда, базалық инфрақұрылымды кешенді түрде жүргізу қажет. Бұл жоба елімізде халықаралық деңгейдегі деректерді өңдеу және бұлтты жасанды интеллект инфрақұрылымының хабын қалыптастыруға негіз болады. Сондай-ақ жетекші hyperscaler-компанияларды тартуға, жоғары жалақысы бар білікті жұмыс орындарын ашуға және есептеу мен цифрлық қызметтер экспортын арттыруға мүмкіндік береді", – деді ол.

Коняшкин жобада инвесторлардың дайындық деңгейі мен инвестициялық стратегияларын ескеретін икемді қатысу үлгілері қарастырылғанын атап өтті.

"Мұндай тәсіл инвесторларды, технологиялық компанияларды және бұлтты қызмет жеткізушілерін тартуға жол ашады. Бірінші модель инвесторға энергетикалық қуаты алдын ала резервтелген жер телімін ұсынып, деректерді өңдеу орталығын нөлден бастап салуды көздейді. Екінші модель дайын қаңқасы мен базалық инженерлік жүйелері бар нысандарды пайдалануды қарастырады. Бұл инфрақұрылымды жедел іске қосуға және жобалық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Үшінші модель Zero CAPEX қағидаты бойынша серверлік қуаттарды жалға алу форматында жүзеге асырылады және инфрақұрылымға капитал салуды жоспарламайтын қатысушыларға арналған", – деп түсіндірді вице-министр.

Оның айтуынша, төртінші модель басқарылатын жасанды интеллект және бұлтты сервистерді, жоғары өнімді есептеу кластерлеріне қолжетімділікті ұсына отырып, инфрақұрылымға иелік етпей-ақ жобаларды ең жылдам іске қосуға мүмкіндік береді.

"Аталған модельдердің жиынтығы Қазақстанда жасанды интеллект экожүйесінің жедел дамуына серпін беріп, инвестициялар мен ЖИ саласындағы шешімдерді енгізуге арналған әмбебап платформа қалыптастырады. Бірінші модель аясында инвесторлар үшін қосымша талап ретінде отандық тауар өндірушілердің өнімдерін басымдықпен сатып алу қарастырылған. Сондай-ақ инвесторларға арнайы экономикалық аймақ қағидаты бойынша салықтық жеңілдіктер ұсынылады", – деп толықтырды Ростислав Коняшкин.

Бұған дейін Қазақстан мен Қырғызстанда вебкам қызметін ұйымдастырған топ ұсталғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!