Әкемнің екінші әйелі менің тарих мұғалімім еді – Ринат Зайытов
© Сурет: видеодан кадр
Мемлекеттік қызметке (ред. еск. – "Алатау" дәстүрлі өнер театры) кіріскеніне көп уақыт бола қоймаған белгілі ақын Ринат Зайытов "Ең алғашқы" бағдарламасына қонақ болып, ақтарыла сұхбат берді.
Мемлекеттік қызметке келген себебім – пайдамды сөзбен емес, іспен тигізгім келді. Еңбек еткім келді. Сол кезде ұсыныс та түсе қалды. Абыройыма қазір адамдар түсінбегеннен нұқсан келуі мүмкін, алайда менің ойымдағы жұмысым орындалса, дегенімді істей алсам, шынымен қазақ ұлттық өнеріне қалағанымдай еңбек ете алсам, ол абырой қайтып келетініне еш күмәнім жоқ. Бәріне уақыт керек, дейді ақын.
Ринат Зайытов өзін айыптайтындардың көп екенін, тіпті жаңа қызметінде жұмыс сұрап келетін таныстарының баршылығын айтты.
Мені жұмысқа ала ғой дейді. Жұмысқа ала алмайтынымды айтсам, адамдар ренжиді. Былтырғы жылға дейін өзім де көп адамды айыптайтынмын, әр нәрсеге кінәлі іздейтінмін. Ал қазіргі арманым – Алла қанша ғұмыр берсе, қалған ғұмырымда тек қана қазақтың басын қосу. Біздің қазақ ұлты ешқашан бөлінбеген, бір-біріне кешірімшіл болған. Әулеттің ішінде біреу қисық болатын болса, оны өздері тезге салып, түзетіп алатын, өте терең, өте мықты ұлт екенін қайта көрсеткім келеді бәріне. Ең болмаса, өзім арқылы, дейді Ринат Зайытов.
Жастайынан тәуелсіздікке құмар болған ақын Ринат Зайытовқа бірнеше рет мылтық кезелген. Алайда бірде өз үйінде әйел, бала-шағасының қасында досы, айтыскер ақын Мақсат Ақанның қолынан қаза таба жаздаған.
Бір досым мені атып ала жаздаған. 2007-2008 жылдары болу керек, ол кезде менің мылтықтарым тіркелген, сейфі бар болатын. Үйге келген қонақтарыма көрсетемін ғой енді. Бір аңшылықтан келген кезім, келдім де қоя салдым. Таңға жуық келген болармын. Бір күні Мақсат ақын келді үйге. Сол кезде көрсетіп жатыр едім мылтықтарды, бір кезде ол маңдайыма тақады да атты, оқ атылмады. Мынау істемейді ғой деп бір жерін тартып қалып еді, оқ атылып кетті үйде. Сонда ол оқтаулы қалып қойған. Бірақ менің маңдайыма тақалып тұрған сол оқ маған атылмаған. Құдай сақтап қалды мені сол кезде. Бірақ жаңағы Мақсат досыммен болған жағдайда қатты терледім. Өз үйіңде, бала-шағаңның қасында өз досың атып тастаса, бұл бүкіл нәрсенің ойран болғаны ғой. Сол кезде Аллаға шүкір дедім, мені солай сақтағанына, дейді Ринат Зайытов.
Жетінші сыныпта оқып жүргенде, әкесі отбасынан кететінін мәлімдеген. Бала Ринатқа бәрінен де әкесі мен оның жаңа әйелі жұмыс жасайтын мектепке күнде бару ауыр соққан. Себебі әкесінің жаңа әйелі Ринатқа тарих пәнінен сабақ берген.
Мен бәрін түсінетіндей жаста емес едім. Ағаларым "әкеміз неге бұлай істеді?" деп жатты. Мен мұны тек сотта сезіндім. Сотта менен әкең жаққа барасың ба, шешең жаққа барасың ба деп сұрақ қойды. Сол кезде екеуінің бірін таңдауым керектігін түсіндім. Сол ауыр тиді. Әкемнің қосылған адамы менің тарих мұғалімім болды. Маған ол мектепте оқу мүмкін емес болды. Күнде балалармен төбелесе бастадым, біреу мазақтайды. Содан заттарымды жинап, Семейде тұратын үлкен ағам Алмастың қолына кеттім. Дәл сол жылы темекі тарта бастадым. Менің теріс қылықтар істеуім, қылмыстық элементтері бар әрекеттерге баруым, сондай балалардың қасында жүргім келгені – әкем кетіп қалғаннан кейін өзімді тәуелсіз, күшті адам сезінгім келген шығар, деп өткенді еске алды Ринат Зайытов.
Бүгінде өзі көпбалалы әке болып отырған Ринат әкесін еш сынай алмайтынын, өмірде әкесінің барына шүкір ететінін айтты.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:25, 21 қараша 2024
Қазақстанда жерді адал пайдаланушыларды анықтау үшін құқықтық негіз құрылады
-
16:17, 21 қараша 2024
Мәжілісте қаңғыбас иттермен күрес мәселесі пікірталас тудырды
-
16:08, 21 қараша 2024
Түскі саудада доллар бағамы одан әрі құлдырады
-
15:54, 21 қараша 2024
АҚШ-та 600 мыңдай үй циклонның кесірінен жарықсыз қалды
-
15:45, 21 қараша 2024
Қазақстанда бірыңғай әлеуметтік қор құрыла ма - Еңбек министрі жауап берді