Әдебиет пен өнер қайраткерлеріне мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия тапсырылды

21:53, 20 қаңтар 2025

© Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин 2025 жылы 20 қаңтарда белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны табыс етті. Мемлекеттік стипендия әдебиет пен өнер саласындағы 75 адамға берілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл сайын тағайындалатын бұл стипендия – мемлекеттің мәдениет және өнер қайраткерлеріне, шығармашылық қызметкерлеріне және жас дарындарға қолдауы мен қамқорлығының айғағы. Сондай-ақ олардың ұлт мәдениетін өркендетіп, әлемге танытуға қосқан елеулі үлесіне көрсетілген құрмет.

Мемлекеттік стипендия Асанәлі Әшімов, Ілия Жақанов, Бибігүл Төлегенова, Олжас Сүлейменов, Нұрғали Нүсіпжан, Меруерт Өтекешова, Дулат Исабеков, Төлен Әбдік, Юрий Аравин, Сержан Шәкірат, Амандос Ақанаев, Татьяна Тарская, Гүлвер Разиева секілді әдебиет пен өнер майталмандарына табысталды.

Сонымен қатар Канн халықаралық фестивалінің лауреаты Самал Есләмоваға, балерина Татьяна Тенге, опера солисі Мақсат Саматовқа және өзге де жас дарындарға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Стипендия иегерлері мемлекеттің қаржылай қолдауы арқасында шығармашылықпен алаңсыз айналысуға мүмкіндік алады. Бұл стипендия еліміздегі мәдениет және өнер саласының дамуына ықпал етіп қана қоймай, тың идеялар мен жобалардың іске асуына септігін тигізеді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі жазушы Төлен Әбдікке жеделхат жолдағаны хабарланған. Президент жазушының "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатын мұқият оқып шыққанын, онда ұлт руханияты үшін құнды дүниелер қамтылғанын айтты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!