Доллар 456 теңгеге дейін түсті: теңге неге нығайып жатыр?
© Фото: Zakon.kz
Теңге барлық валютаға қатысты рекордтық деңгейде нығаюын жалғастырып жатыр. 2026 жылғы 2 қыркүйекте Forex нарығында USD/KZT бағамы 455 теңгеден төмендеді, ал айырбастау орындарында доллар 456 теңгеден сатып алынып жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Теңге былтырғы құлдыраудың орнын толтырып жатыр
Қыркүйек айы тамыздағы үрдістің жалғасы болатын сияқты. Өйткені өткен айда теңге долларға шаққанда 2,6%-ға нығайып, 461,57 теңгеге дейін жетті. Бұл ретте Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күнделікті сауда-саттықтың орташа көлемі 389 млн доллардан 415 млн долларға дейін өсті. Ал бір айдағы жалпы сауда көлемі 8,7 млрд долларды құрады, деп хабарлады Қазақстан Ұлттық банкі.
Бір қарағанда, тамыздағы қозғалыс ұлттық валютаның кезекті нығайған айы сияқты көрінеді. Алайда бес жылдық динамика әлдеқайда ауқымды өзгерісті көрсетеді. Оны толығырақ қарастырайық.
Соңғы бес жылда доллардың теңгеге шаққандағы бағамы айтарлықтай өзгерістерден өтті. 2022 жылы доллар бағамы күрт өсіп, шамамен 490 теңгеге жетті, кейін 425 теңгеге дейін төмендеді. 2023 жылы доллар негізінен 450-480 теңге аралығында болды, ал 2024 жылдың көктемінде шамамен 440 теңгеге дейін түсті.
Одан кейін күрт өзгеріс басталды: 2024 жылдың екінші жартысында доллар қымбаттай бастады, 2025 жылы 500 теңгелік межеден асып, күзде шамамен 550 теңгеге жетті. Осыдан кейін жағдай кері бағытқа өзгерді: 2026 жылдың басынан бері доллар бағамы шамамен 510 теңгеден 457 теңгеге дейін төмендеді.
Бес жылдық кезеңнің қорытындысы көрсеткендей, айтарлықтай ауытқуларға қарамастан, қазір доллар бес жыл бұрынғыдан небәрі 7,4%-ға қымбат.
Ал шамамен 550 теңге болған ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда доллар бағамы 17%-ға жуық төмендеді. Яғни теңгенің қазіргі нығаюы – жай ғана кезекті шағын ауытқу емес, ең алдымен 2025 жылғы шарықтау шегінен кейінгі күшті кері қозғалыс.
Тамызда бірнеше фактор қатар әсер етті
Қазіргі теңгенің нығаюын тек мұнай бағасымен түсіндіру мүмкін емес. Дегенмен оның рөлі маңызды, өйткені Қазақстан экспорттық валюталық түсімінің негізгі бөлігін шикізат экспортынан алады.
Тамыздың басында Brent маркалы мұнай шамамен 83 доллардан сатылса, ай соңына қарай оның бағасы 90 доллардан асты. 2 қыркүйек күні таңертең мұнай бағасы 95,45 долларға дейін жетті.
Қазақстан Каспий құбыр консорциумындағы (КТК) іркілістерден кейін мұнай өндіру көлемін қалпына келтірді, дегенмен өндіріс жоспарына түзету енгізді. Экспорт қалыпқа келген жағдайда елге түсетін валюталық түсім көлемі де артуы мүмкін. Валюта ұсынысының қосымша көзі салық кезеңінде қалыптасты: экспорттаушылар бюджет алдындағы міндеттемелерін орындау үшін теңгеге қажеттілік танытып, валютасын сатты.
Алайда айырбас бағамы үшін валютаның көлемі ғана маңызды емес. Тамызда оған сәйкес келетін қосымша сұраныс та байқалмады.
Бұл жайтқа Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов шілде айында-ақ назар аударған болатын.
"Экономикамыз мықты. Былтыр төлем балансының тапшылығы болды, биыл, бәлкім, профицит болады. Бұл – өте жақсы макроэкономикалық көрсеткіш. Импорт көлемі шамамен сол деңгейде сақталып отыр, сәйкесінше валютаға деген орасан зор қосымша сұранысты да байқап отырған жоқпыз", – деді Тимур Сүлейменов.
Тамыздағы статистика бұл бағалаудың қазіргі жағдайды түсіну үшін маңызды болғанын көрсетті. Валюта ұсынысы бірден бірнеше фактордың есебінен артты, ал сұраныс бағамның бағытын өзгертуге жеткілікті деңгейде өскен жоқ.
Ұлттық банк интервенциялар арқылы теңгені қолдаған жоқ
Қазақстан Ұлттық банкінің тамыздағы статистикасындағы ең маңызды жайттардың бірі – валюталық интервенциялардың жүргізілмеуі.
Сонымен қатар Ұлттық банк Ұлттық қордан 200 млн долларды биржада сатты, деп атап өтті Бірінші кредиттік бюроның сарапшылары. Бір мезгілде БЖЗҚ активтеріндегі валюталық үлесті қолдау мақсатында реттеуші шетел валютасын сатып алды. Тамызда мұндай сатып алудың көлемі 721 млн долларға жетті.
Жалпы, бұл жағдай болып жатқан үдерістерге берілетін бағаны айтарлықтай өзгертеді. Тамызда теңгенің нығаюын Ұлттық банктің нарыққа көп көлемде валюта сатып, белсенді араласуымен түсіндіру мүмкін емес. Керісінше, бағыттардың бірінде реттеушінің өзі валюта сатып алды.
Демек, айырбас бағамы негізінен нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы аясында қалыптасты. Бұған шетелдік инвесторлардың теңгедегі активтерге, ең алдымен мемлекеттік бағалы қағаздарға деген жоғары қызығушылығын қосуға болады.
Соңғы фактор да маңызды. Қыркүйек айында Ұлттық банк Ұлттық қордан 200-300 млн доллар сатуды жоспарлап отыр. Тағы 200-300 млн доллар Ұлттық қор операцияларын айнадай бейнелеу (зеркалирование) аясында нарыққа шығарылады.
Сонымен қатар алтын сатып алу операциялары аясында қыркүйек айында 374 млрд теңгеге баламалы валюта сатылады деп күтілуде.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:18, 2 қыркүйек 2026
БҚО-да Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы талқыланды
-
15:48, 2 қыркүйек 2026
Қазақстанда доллар бағамы шамамен 3 теңгеге төмендеді
-
15:39, 2 қыркүйек 2026
Қазақстанда күзетшілерді даярлау бағдарламалары жаңартылды
-
15:23, 2 қыркүйек 2026
«Жылдың ең құнды олжасы»: «Алтын-Емелде» сирек кездесетін сілеусін көзге түсті
-
15:03, 2 қыркүйек 2026
Қазақстанның жаңа Сыртқы істер министрі тағайындалды





