Депутат 2024 жылды зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жылы деп жариялауды ұсынды

17:31, 30 қараша 2023
86

© Сурет: pexels

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбденнің сөзінше, харассментке ұшырау ықтималдығы өте жоғары бір топ бар, ол – студенттер, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өзінің сөзінше, жыныстық қысымға ұшыраған елордалық бойжеткеннің ісімен танысып, бұл салада кемшіліктің көп екеніне анық көзі жетіп отыр. Дәл бүгін еліміздің оқу орындарында қанша харассмент оқиғасы болғанын дөп басып айту қиын. Себебі статистика жасалмайды. Ал заңда харассмент ұғымы атымен жоқ.

"Жалпы зорлық-зомбылықтың қай түрін болсын, харассментті де қатаң қарап, заң жобасына бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет екені туындап отыр. Бұл жолы студент қызымыз батыл болып шықты. Болған жағдайды жайып салды. тиісті шешім қабылданып, әлгі харассер жұмыстан шығарылды. Бірақ біз мұндай мәселені әрқашан студенттің батылдығына, басшының әділдігіне сеніп қоя алмаймыз. Жүйелі, кешенді шешімдер керек. Кеше ғана мектеп бітіріп, ауылынан шығып көрмеген ақүрпек балапандай жап-жас қыздарды қорғауымыз керек. Ибалы, кей-кезі тым ұялшақ, мүмкін, жасқаншақ қазақ қызы өз басынан өткен осындай жағдайды айта бермейді".Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден

Сонымен қатар депутат келесі жылды зорлық зомбылыққа қарсы күрес жылы деп жариялауды ұсынды.

"Көршінің үйіндегі дау-дамайға, әйелдің, студент қыздардың көмек сұраған жанайқайына бей-жай қарасақ, әріптес келіншектің бет-әлпетіндегі көгерген іздерге жанашырлық танытпасақ, заңда құдірет қалмайды. Айтылған ойымды қорытындылай келе, келер жылды зорлық зомбылыққа қарсы күрес жылы деп жариялауды ұсынамын", - деп қосты депутат Қарақат Әбден.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!