Депутат Қазақстанда да TikTok жұмысына шектеулер енгізуді ұсынды

18:28, 22 сәуір 2024

© Сурет: unsplash

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров TikTok-та кәмелетке толмаған балаларға шектеулер енгізуді сұрайды. Ол Премьер-министрге осы мәселені қамтитын депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Депутат Ерлан Сайыровтың айтуынша, соңғы екі жылда TikTok-қа 14,1 млн қазақстандық тіркелген. Әлеуметтік желінің белсенді пайдаланушылары - өте кішкентай балалар.

"Әлеуметтік желі балаларды пайдалы білім алу, даму, үнемі қозғалыста болу керек балалық шағынан айырып қана қоймай, сонымен қатар олардың денсаулығы мен психикасына да теріс әсер етеді. Осындай желілердің ішінде біздің жастарға үлкен моральдық зиян келтіретіні, балалары арасында ерекше танымал - TikTok", - деп есептейді Ерлан Сайыров.

Депутат TikTok-та пайдалы контенттен бөлек балаларды жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға итермелейтін материалдар жеткілікті екенін атап өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы әртүрлі ойындардың жарнамалары, онлайн-казинолар, стримдер, сондай-ақ порнография, суицидке шақыру, жала жабу және балағат сөздер жазылған рилстер де таратылады.

Оның айтуынша, әлемнің бірқатар елдерінде TikTok-ты пайдалануға шектеулер қойылған. Мысалы, Үндістан ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін TikTok-қа 2020 жылдан бастап толықтай тыйым салды. Индонезия 2018 жылдан бастап уақыт шектеулерін енгізді. Көрші Өзбекстан 2021 жылдан бастап TikTok-қа тыйым салды, Қырғызстан да шектеулер енгізді. Сондай-ақ, жақында АҚШ үкіметі TikTok-қа ішінара шектеу қойды, ал TikTok-ты ойлап тапқан Қытайда кәмелетке толмағандарға арналған жеке-дара контент - "Балаларға арналған арнайы TikTok" құрылған.

"Бүкіл мемлекеттің болашағы біздің өскелең ұрпақтың рухани, адамгершілік келбетіне байланысты. Сондықтан болашақ ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу, сырттан келетін моральдық қауіп-қатерлерге қарсы тұру және мемлекет пен қоғам ретінде ұлттық кодты сақтау тетігін бірге қалыптастыру қажет. Бұл біздің болашақ ұрпағымызды рухани құлдыраудан сақтау, ұлтымыздың жаңа деңгейін қалыптастыру бағытындағы үлкен күрес!"- деп санайды депутат.

Осыған байланысты халық қалаулысы мыналарды ұсынады:

  • жақында қабылданған Онлайн платформалар туралы Заңға сәйкес, TikTok-тағы барлық заңсыз контентке шектеу қою;
  • балалардың санасын улайтын, қоғам туралы деструктивті идеяларды қалыптастыратын әртүрлі жағымсыз ағымдарға еліктеуді насихаттайтын контенттерді бұғаттау;
  • кәмелетке толмаған балаларға TikTok-та қатаң шектеулер енгізу немесе Қытайдың тәжірибесі бойынша арнайы балаларға арналған форматты енгізуді қарастыру.

Бұған дейін Ресейде TikTok-тың бұғатталуы мүмкін екені белгілі болды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!