Денсаулық сақтау министрінің Үкіметтегі есебі - толық мәтін

11:50, 12 сәуір 2021
145

© Сурет: primeminister.kz

12 сәуірде ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі жағдай, халықты вакцинациялау барысы және қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды zakon.kz.

Министрдің айтуынша, әлемде COVID-19 ауруы мен өлім-жітімі бойынша жағдай шиеленісе түсуде. Бүгінгі таңда әлемде КВИ-дің 135 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 600 мыңнан астам жағдай тіркелген, аурушаңдықтың өсуі — 0,5. 2,9 млн астам адам қайтыс болды, өлім-жітім көрсеткіші 2,2% құрады. ДДСҰ-ның алты аймағының бесеуінде аурудың өсу тенденциясы байқалады.

Қазақстанда 12 сәуірдегі жағдай бойынша COVID-19 оң нәтижесімен 271 809 науқас және КВИ- жағдайымен 51 399 науқас тіркелді. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес республика 12 күннен бері қызыл аймақта орналасқан.

Сондай-ақ, қызыл аймақта 8 аймақ бар: Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Қарағанды және Ақтөбе облыстары. Өткен аптада сары аймаққа 4 өңір көшірілді, бүгінде сары аймақта 7 өңір бар: Шымкент қаласы, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, Қостанай, Павлодар облыстары. Жасыл аймақта тек Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары ғана бар.

"Ағымдағы жылдың сәуір айында эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы байқалады, сәуірдің 11 күнінде 24 955 жағдай тіркелген, наурыздың ұқсас кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 3 есе өсуі байқалады, тәулігіне 2800 науқастан тіркелуде", — деді Цой.

Қостанай және Түркістан облыстарын қоспағанда, барлық өңірлерде сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Бұл ретте ел бойынша сырқаттанушылықтың 61%-ы 3 өңірге — Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары мен Алматы облысына тиесілі. Сырқаттанушылықтың өсуімен қатар, өлім-жітім жағдайлары санының өсуі байқалады, мәселен наурыз айында ақпан айымен салыстырғанда КВИ-ден қайтыс болғандар саны 1,4 есе өсті. Бұл ретте өлім-жітім жағдайларының 57%-ы 3 өңірге — Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары мен Алматы облысына тиесілі.

Денсаулық сақтау министрі хабарлағандай, сәуір айында эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, тестілеудің тәуліктік саны тәулігіне 48 мың зерттеуге дейін артқаны байқалады, бұл ел бойынша жалпы тәуліктік қуаттың 41%-ын құрайды.

"Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, барлық өңірлерде әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысын шектеу критерийлеріне сәйкес қосымша шектеу шаралары қабылдануда. Сонымен қатар, эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауын ескере отырып, өңірлердің әкімдері ахуалдың тұрақты мониторингін және жедел ден қоюды және профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар қабылдауды қамтамасыз етуі қажет", — деді Цой.

Биылғы жылғы 12 сәуірдегі жағдай бойынша өңірлер бөлінісінде төсек- орындардың күнделікті қамтылу мониторингіне сәйкес, Қазақстан Республикасында 30 109 инфекциялық төсек-орын бар, олардың 41% (12 349 төсек-орын) бос емес. Резервтік қор 32 065 төсек-орынды құрайды. Алматы облысында, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында инфекциялық төсек-орындардың үдемелі қамтылуы байқалады. Бұл ретте Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы төсек-орын резерві әрбір қалада шамамен 1200 төсек-орынды құрайды. Айта кету керек, еліміз бойынша төсек-орындардың төмен қамтылу көрсеткіштеріне қарамастан, бүгінде ауруханаға жатқызылатын науқастар саны 12 наурыздағы 4 713-тен 12 сәуірде 12 349-ға дейін 2,6 есе өсті.

"Инфекциялық стационарлардағы реанимациялық төсек-орын саны 2 752, қамтылуы 27% құрайды. Реанимациялық төсек-орындардың жоғары қамтылуы Нұр-Сұлтан қаласында — 66% және Алматы қаласында — 50% байқалады. Реанимация бөлімшелеріндегі пациенттер саны 2,4 есеге артты", — деді Цой.

ЖОО-лардың көшпелі мобильді бригадаларының бекітілген өңірлерге жұмысы жалғасады. 724 волонтер жұмылдырылды. 10 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. Медициналық жоғары оқу орындарының күшімен өңірлерге көмек көрсететін 14 мультидисциплинарлық бригада құрылды.

COVID-19-бен сырқаттанған 426 пациентке кеңес берілді. Кеңес беру үшін call-орталықтар жұмыс істейді, ЖОО-лардың профессорлық-оқытушылық құрамы 42 198 науқасқа кеңес беріп, емдеді, оның ішінде ауыр науқастар — 3880. Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, жекелеген өңірлерде ауыр науқастар санының өсуіне байланысты, осы жылдың басынан бастап министрлік өңірлерге шығумен ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетуде.

"Жұмыс сапарларының нәтижелері бойынша бірқатар ескертулер анықталды. Мәселен, МСАК деңгейінде диспансерлік топтардағы пациенттердің ілеспе ауруларын динамикалық бақылаудың және емдеудің жеткіліксіздігі орын алған. КВИ-дің алдын алу және диагностикалау шаралары туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі, инфекциялық стационарлар деңгейінде кадрлық қамтамасыз етудің проблемалық мәселелері анықталды", — деп нақтылады Цой.

Өңірлерге МСАК және стационарлар деңгейінде де, денсаулық сақтау басқармалары деңгейінде де қажетті іс-шараларды ұйымдастыру бойынша толық ұсынымдар қалдырылды. Бұдан басқа, МСАК және стационарлар деңгейінде КВИ-мен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсетуді тұрақты бақылауға алу қажет. Бүгінгі күні МСАК деңгейінде жұмыстың жеткіліксіз ұйымдастырылуы инфекциялық стационарлар төсек-орындарының шектен тыс толтырылуына алып келуі және халықтың жедел және жоспарлы медициналық көмекке қолжетімділігін төмендетуі мүмкін.

Осыған байланысты, денсаулық сақтау басқармалары БМСК жұмысын жандандыруы қажет:

1) КВИ бар науқастарды амбулаториялық емдеудің тұрақты мониторингін қамтамасыз ету;

2) мобильді бригадалардың жұмысын, шақыруларға уақтылы қызмет көрсету және пациенттерге консультация беру, ПТР-ға биологиялық материал үлгілерін алу, КВИ және вирустық пневмониясы бар пациенттерге дәрілік заттарды үйге жеткізу бөлігінде тұрақты бақылауда ұстау;

3) тіркелген халықпен кері байланысты күшейту (онлайн, оффлайн), әсіресе, қауіп-қатер тобындағы (созылмалы аурулары бар динамикалық бақылаудағы, 60 жастан асқан адамдар) адамдардың амбулаториялық емделуіне бақылауды қамтамасыз ету, ақпараттық-түсіндіру жұмысын жандандыру.

1 ақпаннан бастап өңірлерге "Спутник V" вакцинасының 611 мың дозасы жеткізілді. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Ертең өңірлерге кезекті 300 мың доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, сәуір айында тағы 1,4 млн доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде, бұл шамамен 2 млн азаматтың вакцинацияға қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Ведомство басшысының айтуынша, өңірлерде халықты вакцинациялау науқаны жалғасуда. Бүгінгі таңда өңірлерде 916 егу пунктінде вакцинациялау жүргізілуде. Бұдан басқа, алыс аудандарда, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде КВИ-ға қарсы вакцинация жүргізу үшін 233 көшпелі егу бригадасы жұмылдырылды. Вакцинациялау науқанына 10 мыңға жуық медицина қызметкері тартылған. Алматы, Нұр-Сұлтан, Көкшетау қалаларында егу пункттері сауда орталықтарында, базарларда ашылған, яғни демалыс күндері де вакцинация алуға болады, бұл халықтың вакцинацияға қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, 2021 жылдың 8 сәуірінен бастап вакцинацияға "электрондық үкімет" порталы арқылы жазылуға болады.

"Бұл үшін азамат тіркелген аймағы бойынша медициналық ұйымды көрсете отырып, өтінім береді. Медициналық ұйым вакцинация жүргізу уақытын көрсете отырып, өтінімдерді бөледі, содан кейін азамат "электрондық үкімет" порталында медициналық ұйымға баратын күні мен уақытын көре алады", — деді Цой.

Қазақстанда өндірушілермен жүргізіліп жатқан келіссөздерді ескере отырып, ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстанның шамамен 10 млн тұрғынына, яғни тиісті контингенттің 100%-ына вакцинациялауға қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарлануда. Министрлік елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізуде, соның негізінде медициналық ұйымдардың коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың өсуіне дайындығын арттыру, халықты вакцинациялауды ұйымдастыру және жүргізу бойынша шаралар қабылдануда.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов соңғы күндері өңірде репродуктивті санның төмендеуі байқалып, 1,1 құрағанын айтты. 1 сәуірден 36 мың ПТР-зерттеу жүргізіліп, 2 935 жағдай тіркелді, оның ішінде 141 бала.

"Инфекциялық стационардағы төсектер саны 4 300 бірлікке жеткізілді. Стационарлық емдеуде 2 448 адам жатыр, жүктелу 56,9% құрайды. Барлық медициналық ұйымдар мен реанимациялық бөлімдер қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген, дәрі-дәрмектердің айлық қоры бар. Телемедицина арқылы 4 ахуалдық орталық ауыр науқастарды бақылауда. Облыс тұрғындарына 205 жедел жәрдем бригадасы және 391 мобильді бригада қызмет көрсетуде. Мобильді бригадалардың бақылауында 5760 науқас бар, олар қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етілген", — деді Алматы облысының әкімі.

Облысқа вакцинаның 46,7 мың дозасы жеткізілді, 32,5 мың адам вакцина алды. 239 егу пункті дайындалып, екпе салдырудың кестесі бекітілді. Еңбек ұжымдарына екпе салу үшін жылжымалы бригада ұйымдастырылды.

"Бүгін 71 000 вакцина жеткізіледі. Барлығы 1,1 млн адамды вакцинациямен қамту жоспарлануда. Облыстың қызыл аймақта болуына байланысты қатаң шектеу шаралары жалғасуда", — деді Баталов.

Талдықорған қаласының бизнес субъектілері үшін "Ашық" мобильді қосымшасы енгізілуде. Мониторингтік топтар 1 сәуірден бастап 1360 рейд барысында 9 мың нысанды тексеріп, 139 карантиндік режимді бұзу жағдайын анықтады. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір