Цифрлық нысандардың жіктеу жүйесін қалай жүргізеді: жаңа ережелер

16:47, 21 тамыз 2026
MKZ: 1562548

© Фото: pixabay

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің 2026 жылғы 14 тамыздағы бұйрығымен цифрлық нысандардың жіктеу жүйесін қалыптастыру және жүргізу қағидалары бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Цифрлық нысандардың жіктеу жүйесін қалыптастыру үшін цифрландыру саласындағы уәкілетті орган Архитектуралық-үйлестіру орталығына және мүдделі мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізу туралы еркін нысандағы сұрау жолдайды.

Архитектуралық-үйлестіру орталығы мен мүдделі мемлекеттік органдар сұрау алынған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде өз ұсыныстарын ұсынады.

Уәкілетті орган ұсыныстарды алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде оларды қарайды және жинақтайды. Нәтижесінде цифрлық нысандардың жіктеуіш жобасы қалыптастырылады.

Цифрлық нысандардың жіктеу жүйесін жүргізу мыналарды қамтиды:

  • цифрлық нысандардың жіктеуішіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарды жинау, қарау және жинақтау;
  • оны қолдану тәжірибесіне мониторинг жүргізу;
  • жіктеуішке өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

Цифрлық нысандардың жіктеуішін өзектендіруге негіз болатын жағдайлар:

  • Қазақстан Республикасының заңнамасының өзгеруі;
  • цифрлық нысандардың немесе цифрлық технологиялардың жаңа түрлерінің пайда болуы;
  • архитектуралық, технологиялық немесе ұйымдастырушылық тәсілдердің өзгеруі;
  • санаттар мен өлшемшарттардағы олқылықтардың, қайталанулардың немесе екіұштылықтардың анықталуы;
  • цифрлық нысанның сыныбын бірыңғай анықтау мүмкіндігінің болмауы;
  • мониторинг нәтижелері және жіктеуішті қолдану тәжірибесі;
  • жіктеуішті халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкестендіру қажеттілігі.

Құжатта цифрлық нысандардың мынадай санаттары көрсетілген:

  • цифрлық ресурстар;
  • қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз ету;
  • жүйелік бағдарламалық қамтамасыз ету;
  • цифрлық инфрақұрылым нысандары;
  • цифрлық жазбалар;
  • цифрлық активтер;
  • цифрлық деректер өнімдері.

Сондай-ақ құжатта цифрлық нысандарды жіктеу схемасы берілген.

Цифрлық ресурстар үшін сақталатын ақпараттың ауқымына, тұтастығына және маңыздылығына қарай 3 сынып белгіленеді:

  • 1-сынып (ең жоғары): бастапқы және (немесе) эталондық цифрлық ресурс. Цифрлық ресурстың қолжетімсіз болуы, жойылуы немесе бүлінуі елеулі әлеуметтік, саяси немесе экономикалық салдарға әкеліп, цифрлық ресурс пайдаланушысының кейбір функцияларды орындау мүмкіндігін жояды;
  • 2-сынып: екінші реттік цифрлық ресурс. Оның қолжетімсіз болуы, жойылуы немесе бүлінуі орташа деңгейдегі әлеуметтік, саяси немесе экономикалық салдарға, өнімділіктің төмендеуіне және (немесе) пайдаланушының кейбір функцияларды орындау мүмкіндігінің болмауына әкеледі;
  • 3-сынып (ең төмен): операциялық немесе туынды цифрлық ресурс. Оның қолжетімсіз болуы, жойылуы немесе бүлінуі цифрлық ресурс пайдаланушысы үшін елеулі салдарға әкелмейді.

Қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз ету үшін қамту ауқымына, күрделілігіне, маңыздылығына және функционалдық құндылығына қарай 3 сынып белгіленеді.

Жүйелік бағдарламалық қамтамасыз ету үшін бағдарламалық қамтамасыз етудің қуаты мен әмбебаптығына қарай 3 сынып белгіленеді.

Цифрлық инфрақұрылым нысандары үшін жабдықтың қуаты мен сенімділігіне қарай 3 сынып белгіленеді.

Цифрлық жазбалар маңыздылығына, сенімділігіне және критикалығына қарай 3 сыныпқа бөлінеді.

Цифрлық активтер құнына, реттелу деңгейіне және тәуелділігіне қарай 3 сыныпқа бөлінеді.

Цифрлық деректер өнімдері қолдану ауқымына, қолжетімділік деңгейіне және қабылданатын шешімдерге ықпалына қарай 3 сыныпқа бөлінеді.

Бұйрық 31 тамыздан бастап күшіне енеді. Сонымен қатар ақпараттандыру нысандарын жіктеу қағидалары мен ақпараттандыру нысандарының жіктеуіші өз күшін жояды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!