Білім саласында миллиардтар тиімсіз жұмсалуда: ЖАП аудиті жоғары білімдегі жүйелік проблемаларды анықтады
© Фото: Zakon.kz
Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) мүшесі Тілеген Қаскин 2026 жылғы 27 сәуірде Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мемлекеттік аудит нәтижелерін жариялап, жоғары білім беру саласында жүйелік мәселелер бар екенін және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылмай отырғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz
Оның айтуынша, жоғары білім жүйесі экономика мен қоғамның дамуы үшін маңызды рөл атқарады. Соңғы бес жылда бұл салаға бөлінетін шығын 246 млрд теңгеден 472 млрд теңгеге дейін өскен.
"Студенттер саны 625 мың адамға жетті, мемлекеттік білім беру тапсырысы 77 мыңнан астам грантты құрайды. Алайда жүргізілген мемлекеттік аудит жоғары білім беру жүйесі қаржыландырудың екі есеге жуық өсуіне қарамастан, сапа, ашықтық және нәтижелілік бойынша сәйкес деңгейде дамымай отырғанын көрсетті. Бұған бірқатар жүйелік проблемалар себеп болып отыр. Сала тұрақты әрі дәйекті стратегиялық жоспарсыз дамып келеді. Осы уақыт аралығында жеті стратегиялық құжат қабылданған, олардың едәуір бөлігі мерзімінен бұрын күшін жойған. Талаптарды күшейтудің орнына олар жеңілдетілген", – деді Тлеген Қаскин.
Сонымен қатар ол іс жүзінде үздік 700 жоғары оқу орнының қатарына кіретін университеттер саны 9-дан 6-ға дейін азайғанын, ал түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 73–75%-дан 40–41%-ға дейін төмендегенін атап өтті.
"Мемлекеттік бақылау мен цифрлық басқару жүйесі әлсіз қалыптасқан. Аудит жүргізілген кезеңде ЖОО-ларға жоспарлы бақылау іс жүзінде жүргізілмеген. 2024 жылғы білім тексерісі тек үш ведомстволық академияны қамтып, кәсіби құзыреттерді бағаламаған. Негізгі ақпараттық жүйелер бір-бірімен біріктірілмеген, студенттер контингенті, гранттар, несиелер және білім алушылардың мәртебесі туралы деректердің бір бөлігі қолмен енгізіледі. Бұл шетелдік ЖОО-лардан ауысу арқылы ҰБТ талаптарын айналып өту жағдайларына әкелген", – деді ол.
Спикердің айтуынша, сапаны қамтамасыз ету жүйесі формалды сипатта қалып отыр және нақты құзыреттерге жеткілікті бағытталмаған. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс экономикадағы нақты сұраныспен әлсіз байланысқан.
"2022 жылы басым бағыттар бойынша 9 мыңнан астам грант игерілмей қалды, оның ішінде 6 мыңнан астамы инженерлік мамандықтар бойынша, ал шамамен 3 мыңы ІКТ саласына тиесілі. Жыл сайын ЖОО-лар шамамен 20 мың IT маманын даярлайды, бірақ олардың тек 30%-ы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Бұл тек грант санының емес, сонымен қатар болжам жасау сапасының, білім беру бағдарламаларының және жұмыс берушілермен байланыстың мәселесі. Мемлекеттік тапсырысты басқаруда да нормативтік және есептік түйткілдер сақталған. 2023–2024 жылдары қаражаттың тек шамамен 40%-ы оператор арқылы өтсе, қалған бөлігі бірыңғай есеп жүйесінен тыс бөлінген", – деді Тлеген Қаскин.
Сонымен қатар оның айтуынша, 63% деңгейіндегі жұмыспен қамту шегінен төмен көрсеткішке қарамастан, 67 ЖОО-ға 246 грант бөлінген. Бұдан бөлек, әрбір білім алушы бойынша академиялық кредиттер мен қаржыландыруды орталықтандырылған есепке алу жүйесі жоқ. Сондай-ақ бұрын оқудан шығарылған тұлғаларға гранттың қайта тағайындалуының 33 жағдайы анықталып, бұл шамамен 85 млн теңгені құраған.
"Тәуекел аймағы – оқудан шығару және міндетті өтеу мәселесі. 2022–2024 жылдары шамамен 24 мың студент оқудан шығарылған, олардың оқуына 19,6 млрд теңге жұмсалған. Солардың 10 мыңы бойынша грант қаражаты туралы деректер жүйеде жоқ. Сонымен қатар оқудан шығарылған студенттерден қаражатты қайтару тетігі толық жұмыс істемейді. Бұдан бөлек, магистратураға түсіп, кейін қайтадан оқудан шығу арқылы міндетті өтеуден жалтару схемасы бар. Тек осы санат бойынша ықтимал шығын 10,8 млрд теңгеге бағалануда", – деді ЖАП мүшесі.
Оның айтуынша, инфрақұрылым мен жоғары оқу орындарының ішкі басқару жүйесі жүйелі түрде күшейтуді қажет етеді. Сондай-ақ "Болашақ" бағдарламасын басқаруда да елеулі тәуекелдер бар.
"Жеке тәртіппен министрліктің шешімімен іріктеудің жалпы критерийлеріне сәйкес келмейтін 340 үміткерге 7,7 млрд теңге көлемінде стипендия тағайындалған. Бұдан бөлек, бекітілген лимиттен тыс 151 стипендия берілген. Әсіресе жасанды интеллект бағыты бойынша жағдай айқын көрінеді: жоспарланған 54 стипендияның тек 5-еуі ғана берілген, қалған 49-ы басқа бағыттарға қайта бөлінген. Оқытушылар, студенттер және түлектер арасында жүргізілген сауалнама да бұл тұжырымдарды растайды. Оқытушылардың 46%-ы еңбекақыны бәсекеге қабілетсіз деп санайды. Студенттердің 41%-ы оқу бағдарламаларын ескірген және тәжірибеге әлсіз деп бағаласа, 45%-ы университет инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай емес деп көрсеткен", – деп толықтырды Тлеген Қаскин.
Оның айтуынша, аудиттің жалпы қорытындысы бойынша жоғары білім беру жүйесі қазіргі таңда нәтижеден гөрі процесті қаржыландырып отыр.
"Негізгі міндет – гранттар мен шығындарды көбейту ғана емес, сапаны нақты бақылау жүйесін құру, бірыңғай цифрлық есепті енгізу, мемлекеттік тапсырысты еңбек нарығымен байланыстыру және нәтиже алынбаған жағдайда бюджет қаражатын қайтарудың тиімді тетіктерін қалыптастыру. Аталған жүйелік мәселелерді жою үшін тиісті тапсырмалар мен ұсыныстар берілді", – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім беру гранттарын бөлу жүйесіндегі теңгерімсіздік туралы айтып, кадр даярлау мен еңбек нарығының нақты сұранысы арасындағы алшақтықтың артып келе жатқанын атап өткен болатын.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:21, 27 сәуір 2026
Қостанай облысында ауыл дәрігерлерінің тапшылығы өзекті мәселе болып тұр
-
16:09, 27 сәуір 2026
Депутат «Болашақ» бағдарламасын тексеруді ұсынды
-
15:55, 27 сәуір 2026
Мемлекет басшысы Оңтүстік Африка Республикасының Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады
-
15:40, 27 сәуір 2026
Доллар бағамы 27 сәуірдегі саудада тағы 4 теңгеге төмендеді
-
15:23, 27 сәуір 2026
СҚО-да сатып алушының қырағылығы мал ұрлығын жедел ашуға көмектесті





