Берік Арын АҚИҰ-дың бас директоры болып сайланды

19:00, 22 сәуір 2024

© Сурет: АҚИҰ-дың баспасөз қызметі

Дохада (Қатар мемлекеті) онлайн-форматта Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Бас ассамблеясының (АҚИҰ) бірінші кезектен тыс сессиясы өтті, оның барысында Қазақстан елшісі Берік Арын ұйымның жаңа бас директоры болып бірауыздан сайланды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Белгілі қазақстандық дипломаттың кандидатурасын еліміздің Үкіметі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімі бойынша ұсынды.

2017 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) мамандандырылған мекемесі ретінде құрылған АҚИҰ азық-түлік қауіпсіздігін нығайтумен және ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығын дамытуға жәрдемдесумен айналысады.

Бүгінгі таңда АҚИҰ штаб-пәтері Астанада орналасқан, Біріккен Ұлттар Ұйымы жанынан аккредиттеуден өткен жалғыз халықаралық ұйым болып табылады.

Берік Арын өз еңбек жолын 1994 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Орта, Таяу Шығыс және Африка басқармасының референті лауазымынан бастады.

1994 – 1995 жылдар аралығында ҚР Сыртқы істер министрлігі Орта, Таяу Шығыс және Африка басқармасының атташесі лауазымын атқарды.

1996 – 2001 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы, екінші хатшысы, бірінші хатшысы лауазымдарында жұмыс атқарды.

2001 - 2002 жылдар аралығында ҚР Сыртқы істер министрлігі Екіжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы.

2002 жылдың наурызынан қыркүйегіне дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінің бөлім бастығы.

2002 – 2006 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы елшілігінің кеңесшісі.

2006 – 2007 жылдар аралығында ҚР Президенті Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы.

2007 – 2009 жылдар аралығында ҚР Парламенті Сенаты Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі.

2009 – 2011 жылдар аралығында ҚР Парламенті Сенаты Аппараты басшысының орынбасары. Осы қызметте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің ұйымдастырушылық сұрақтарына жауапты болды.

2011 жылғы желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі,

2012 жылғы ақпаннан Араб Мемлекеттері Лигасы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі,

2012 жылғы мамырдан Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі, 2015 жылғы сәуірден Алжир Халық Демократиялық Республикасындағы, Тунис Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарады.

2016 – 2018 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі.

2015 жылғы маусым айында ІІ сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі берілген. Араб және ағылшын тілдерін меңгерген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 25 қазанда ҚР Қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалды.

2019 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі қызметіне тағайындалды.

АҚИҰ Бас директоры болып сайланғанға дейін Арын Сауд Арабиясы Корольдігіндегі ҚР елшісі және ИЫҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілі лауазымдары, сондай-ақ Бахрейн Корольдігіндегі ҚР елшісі қызметін қоса атқарды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!