Бектенов Салық кодексінің нормаларын жүйелі әрі жедел талдауды тапсырды

15:14, 21 қаңтар 2026

© Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылғы 21 қаңтарда өткен Үкімет отырысында жаңа Салық кодексінің нормаларын талдауды тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Үкімет басшысы Мемлекет басшысының "жаңа Салық кодексі өзгермейтін қағидалар жиынтығы ретінде қабылданбауы тиіс" деген сөзінің орынды екенін атап өтті.

"Серік Мақашұлы (Жұманғарин, ұлттық экономика министрі – ред.), сізге халық пен бизнес өкілдерінен келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, жан-жақты талдауды тапсырамын. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының, экономистер мен сарапшылардың қатысуымен жүйелі әрі сындарлы жұмыс ұйымдастырыңыз. Бүгін Үкіметте осындай алғашқы кездесу өткізіп жатырсыздар. Бұл жұмысқа өңірлерді де белсенді түрде тарту қажет. Қоғам көтеріп отырған мәселелерді жедел қарастырып, нәтижесі бойынша нақты ұсыныстар енгізіңіздер", – деді Олжас Бектенов.

Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленіп жатқан "Digital Qazaqstan" бағдарламасы аясында цифрландырудың үздік тәжірибелерін енгізу арқылы мемлекеттік функцияларды оңтайландыруды қарастыру тапсырылды.

Премьер-министр көмір генерациясын дамыту мен жаңа ЖЭО жобаларын іске асырудың маңыздылығына да тоқталды.

"Самұрық-Қазына" қорына қаңтар айының соңына дейін Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО салу жобалары бойынша келісімшарттар жасасуды тапсырамын. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталуы тиіс. ГРЭС-2-ні кеңейту жобасының жүзеге асырылуын ерекше бақылауға алыңыздар. Сондай-ақ биыл Курчатов қаласындағы ЖЭО және Екібастұздағы ГРЭС-3 жобаларының техникалық құжаттамасын дайындау аяқталуы керек. Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай ішінде көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеп, Үкіметке енгізсін", – деді премьер-министр.

Сонымен қатар Энергетика министрлігіне "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, ақпан айының соңына дейін мұнай мен газдың жаңа перспективалы кен орындарын игеру жөніндегі егжей-тегжейлі жоспарды Үкіметке ұсыну тапсырылды.

Әлеуметтік салаға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігіне 20 ақпанға дейін әлеуметтік, экономикалық және цифрлық салалардағы алаяқтық фактілері мен схемаларын анықтау, алдын алу және әшкерелеу бойынша жүйелі шаралар әзірлеу міндеттелді.

Сондай-ақ иммиграциялық алаяқтықтың және шетел азаматтарын заңсыз легализациялау арналарының жолын кесуге бағытталған қосымша шаралар әзірлеу тапсырылды.

Отырыс соңында Олжас Бектенов Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары елді ауқымды жаңғыртуға бағытталған бірыңғай ұзақмерзімді стратегияға енгізілгенін атап өтті. Оның орындалуы барлық құрылымдардың нақты әрі үйлесімді жұмысына байланысты екенін айтты.

Премьер-министр әрбір басшы жеке жауапкершілік арқалайтынын атап өтіп, президент тапсырмаларының орындалуын бақылауды өз бақылауында қалдырды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!