Бейнекамералар мен жол қауіпсіздігі: ІІМ ұсынуынан кейін қандай шаралар қабылданды

09:14, 27 шілде 2026
MKZ: 1558141

© Фото: Zakon.kz

Жыл басынан бері ішкі істер органдарының тергеушілері мен анықтаушылары мемлекеттік органдарға, ұйымдар мен лауазымды тұлғаларға 51 мыңға жуық ұсыну енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ІІМ мәліметінше, бұл жұмыс "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында жүргізіліп, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған.

Ұсынуларды қарау нәтижесінде:

  • әлеуметтік жағдайы қолайсыз аудандарда, сауда және ойын-сауық орындарында екі мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылды;
  • автожолдардың 157 қауіпті учаскесінде жарықтандыру жүйелері, бағдаршамдар мен жол белгілері орнатылып, жол таңбалары жаңартылды;
  • 63 нысанда күзет жүйелері жаңғыртылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді;
  • білім беру ұйымдарында 60-тан астам профилактикалық іс-шара өткізілді;
  • заңсыз жұмыс істеген төрт кәсіпкерлік субъектісінің қызметі тоқтатылды;
  • 10-нан астам кафе мен түнгі клубтың жұмыс уақытына шектеу қойылды.

Тергеу барысында анықталған заң бұзушылықтар үшін 302 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың қатарында алкоголь өнімдерін заңсыз сатқан, тіркеусіз тұрған, көлік құралын заңсыз басқарған және мал жаю қағидаларын бұзған азаматтар бар.

Мәселен, Алматы әуежайында жолаушының мүлкі ұрланғаннан кейін терминалдағы бейнебақылау қамтымайтын аумақтарға камералар орнатылды. Павлодарда интернет-алаяқтыққа қатысы бар профильдер бұғатталып, олардың хабарландыру жариялау мүмкіндігі шектелді. Ал Ақтауда электронды темекіні заңсыз сатқан дүкеннің жұмысы тоқтатылды.

Сондай-ақ Марқакөл – Қалжыр – Омбы – Майқапшағай автожолының бірқатар учаскесінде жол таңбалары жаңартылып, жол төсемі жөнделді. Ақтөбе облысындағы Самара – Шымкент тасжолының 867-шақырымында жылдамдықты шектейтін белгілер мен жол қозғалысын автоматты тіркеу кешені орнатылды.

Ұсынуларды қарау қорытындысы бойынша қызметтік міндеттерін тиісінше орындамаған үш мыңға жуық лауазымды тұлға тәртіптік, ал 700-ден астам адам әкімшілік жауапқа тартылды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!