Батыс Қазақстан шаруалары тығырыққа тірелді

12:06, 18 тамыз 2021
417

© Сурет: видеодан кадр

Батыс Қазақстан облысының Казталов және Жаңақала аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Себебі биыл шаруаларға мал азығын дайындау мұң болып тұр. Әрі Жайықтың деңгейі төмен болғасын өзен-көлдер кеуіп, арналардағы су тартылып кеткен. Күні бүгін Жайықтан аталған аудандарға дейінгі суландыру жүйесіне шығып жатқан тіршілік нәрі қалыпты мөлшерден 10 есе аз көрінеді, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.

"Айналайын, Ақжайық, ат салмай өтер күн қайда" деп, аталарымыз жырлаған Жайықтың қазіргі жайы осы. Мамандардың мәліметінше, күні бүгін өзен деңгейі Оралдың тұсында 14 см аспайтын көрінеді. Судың тайыздағаны сонша, киімді шешпестен, балақты түріп қойып, арғы бетке емін-еркін өтіп шығуға болады.

Өзен тартылған осы Көшім суландыру жүйесіне шығар судың көлемі де күрт азайып кеткен. Жаңақала ауданына дейін арна бойында жалпы сыйымдылығы 260 млн текше метрлік Киров, Бітік, Дөңгелек, Пятимар секілді 4 су қоймасы болса, күні бүгін онда қажетті судың тек 36% ғана жинақталған.

Шынболат Ермағамбетов, "Қазсушар" РМК БҚО филиалының бас инженер-гидротехнигі:

"Жайық-Көшім" суландыру жүйесіне кіріп жатқан су 1,7 текше метр секундына. Салыстырмалы түрде айтсақ, су орташа болған жылдары біздің жүйеге осы мезгілде 10-12 куб су кіру керек еді. Яғни 10 есе азайып кетті біздің жүйеге судың түсуі. Себеп 3 жыл қатарынан Жайық өзені тасымай қойды.

Тығырықтан шығудың бір жолы – сорғы стансасын қойып, Көшім жүйесіне суды күшпен айдау. Тиісті мекемелер құжаттарын да әзірлеген. Бірақ қондырғыны орнатуға қомақты қаржы қажет. Облыс қазынасы оған қауқарсыз. Қос ауданда төтенше жағдай жариялаудағы мақсат та осы мәселеге жоғарыдағылардың назарын аударту, дейді аудан әкімі.

Наурызбай Қарағойшин, Жаңақала ауданының әкімі:

Ауданда 16-17 үлкенді-кішілі көлдер бар. Соның соңғы 4-5 жылда тек екі көл ғана қалды. Қалғаны кеуіп қалды. Бұл да бір жағынан экологиялық жағдайға әсерін туғызады. Елді мекендерге орналасқан көлдердің кеуіп қалуынан тұздардың көтерілуі ол да теріс әсерін береді. Соған байлданысты келесі жылы оң шешімін табу үшін жарияланған төтенше жағдай.

Жайық-Көшім суландыру жүйесін толтырғанда ғана келер көктемде көлтабандарға су жіберуге мүмкіндік болмақ. Жаңақала ауданында 48 мың гектар көлтабан бар. Қысқы шөптің тең жартысы осы алқаптардан шабылады. Биыл су болмағасын шөп те шықпады. Шаруалар мал азығын өзге аудандардан тасуға мәжбүр. Бір бума шөптің құны қазірдің өзінде 8 мың теңгеге жетіпті.

Бекболат Жағыпаров, "Хафиз" шаруа қожалығының жетекшісі:

Қазір ішейін десе малға су жоқ, шөп жайылыс бар, қысқыға ештеңе дайындай алмай жатырмыз. Жағдай өте мүшкіл. Фермерлер бірдеңе етіп шауып жатыр. Бірақ қыстың ортасында бәрінің шөбі бітеді. Тасымалға келгенде "Камаздарымыз" жолда ауып, шөбіміз шашылып қор болып жатырмыз.

Төлеген Байкенов, шаруа қожалығының жетекшісі:

Жағдай критично алдыңғы жылға қарағанда жаман. Себебі запас жоқ. Осындай жағдай. Біздер банкрот болып қалуға тұрмыз. Бәлен жыл дайындаған асыл тұқымды мал болсын, басқасы болсын биыл айырылып қалуымыз мүмкін. Басқа облыстарда беріліп жатыр көмек. Көзқарас фермерлерге серіктес болып жатыр. Біздер қайыршы сияқтымыз. Жаңақала ауданы қазақтары қазақ емес пе, оның малы мал емес пе?

Былтыр қыстан әупірімдеп шыққан шаруалардың биыл да мұрты майланбады. Сол себепті ауылшаруашылық құрылымдары Ақтөбедегідей жергілікті бюджеттен аналық малға субсидия бөлуді, несиені өтеуді кейінге шегеруді сұрайды.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!